Кірістер мен мүліктер туралы декларацияны уақытылы тапсыру қажет
15 қыркүйекте облысымызда кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыру мерзімі аяқталды. Биыл Павлодар облысында 270-форма бойынша 50 мыңға жуық тұрғын есеп тапсыруы тиіс болған.
Биыл 270-форма бойынша декларация тапсыруға Павлодар облысының 50 мыңға жуық тұрғыны міндетті болған. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер мен басшылар, заңды тұлғалардың құрылтайшылары, жеке практикамен айналысатын азаматтар, сондай-ақ шетелде банк шоттары мен цифрлық активтері бар тұлғалар бар. Бұдан бөлек, құны 20 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мүлікті сатып алған немесе сатқан азаматтар да декларация тапсыруы тиіс. Белгіленген мерзімге дейін декларацияны 36 мыңнан астам адам тапсырған. Бұл жалпы міндетті тұлғалардың 73 пайызын құрайды.
Ержан Тоқтарханов, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы
Қалған 13 мыңға жуық азаматтың басым бөлігі — компания басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары. Егер декларацияны белгіленген мерзімде тапсырып үлгермеген болсаңыз, оны мүмкіндігінше тезірек тапсыруға кеңес береміз. Декларацияны салық төлеушінің жеке кабинеті, электрондық үкімет порталы, «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы, сондай-ақ «Halyk» және «Kaspi» банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.
Айта кетейік, декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмаған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Салтанат Бауыржанқызы