Халық кеңесінде өңір үні естіле түседі
Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халық кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғамның, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдерін қоса алғанда, 126 адам енді. Павлодар облысынан да түрлі сала мамандары жаңа органның құрамына кірді. Кеңестің негізгі міндеттері қандай? Өңір үшін бүгін қандай мәселелер маңызды? Осы сауалдарға Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Борис Поломарчук жауап берді.
Жаңа кеңестің басты ерекшелігі өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар жолдау мүмкіндігі. Кеңес мүшелері әзірлеген ұсыныстар алдағы уақытта Құрылтай деңгейінде қаралуы мүмкін. Павлодар облысынан кеңес құрамына білім беру және медицина саласының мамандары, сондай-ақ қоғамдық кеңес өкілдері енді. Алғашқы сессияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды міндетті атап өтті. Оның ішінде этносаралық келісімді нығайту, өңірлерді дамыту және мемлекеттік жобалардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері бар.
Борис Поломарчук, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі
Президент өңірлік мәселелерді кеңінен талқылап, оларды осы кеңеске жеткізу қажет екенін нақты айтты. Кеңес өз ұсынымдарын мемлекеттік органдарға, соның ішінде Құрылтайға жолдай алады. Оның өкілеттігі ауқымды. Бұл органның бұрынғы қоғамдық құрылымдардан ерекшелігі – заңнамалық бастама көтеруге мүмкіндік беруінде. Яғни кеңес аясында әзірленген ұсынымдар мен қорытындылар Құрылтайға жолданады. Сол ұсыныстар негізінде заңнамалық шешімдер қабылдануы мүмкін. Қазақстан мұндай тәжірибені алғаш рет енгізіп отыр. Көптеген елдерде бұл тәсіл қалыптасқан. Яғни қоғам өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылап, оларды мемлекеттік органдарға жеткізуге мүмкіндік алады. Ал мемлекеттік органдар бұл мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді.
Сессия барысында Президент этносаралық келісім, «Таза Қазақстан» акциясы және өңірлерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Ал Борис Поломарчук үшін қоғамдағы әртүрлі пікірлерді ашық талқылаудың маңызы ерекше болды.
Борис Поломарчук, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі
Әртүрлі пікір -біртұтас ұлт. Біз өз ойымызды ашық айтып, түрлі мәселелер бойынша пікірталас жүргізуіміз керек. Бірақ сонымен бірге этносқа, әлеуметтік топқа немесе діни ұстанымға бөлінбеуіміз қажет. Біз осы елде өмір сүріп, берекелі Қазақстанды құрып жатқан біртұтас халықпыз. Сондықтан мәселелерді жасырмай, ашық талқылау маңызды. Ең бастысы ортақ пікірге келіп, нақты бағытпен жұмыс істеу.
Борис Поломарчук үшін жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – студенттердің құқықтық сауатын арттыру. Педагогтың айтуынша, өз құқықтары мен міндеттерін білу азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысын ол Қазақстан халық кеңесі аясында да жалғастырмақ.
Сабина Жолдаспаева