Негізгі Жаңалықтар Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде

Павлодар қаласындағы номері 41 мектепте қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейдің құрметіне кабинет ашылып, «Жас сақшы» сыныбы жұмысын бастады. Ол өрендерге жаңа жауапкершілік жүктей отырып, қандай мүмкіндік береді? Әріптесім баяндайды.


Арли Харки облыстық ішкі істер органдарында тергеуші және учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етіп, 2015 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қылмыскер қолынан қаза тапқан. Жылдар өтсе де, оның кәсібилігі мен ісіне адалдығы ұмытылмай, №41 мектепте ашылған жаңа кабинетке есімі берілді. Салтанатты іс-шараға облыстық полиция департаменті, білім басқармасы, білім бөлімінің өкілдері және өзге де қонақтар жиналды.  

Қайыржан Шәкәрғалиев, Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары

Бұл «Жас сақшы» сыныбы Павлодардағы төртінші мектепте ашылып жатыр. Оның мәні – жастарға, сақшы оқушыларымызға, достарымызға деп те айтуға болады жақсы тәлім-тәрбие беріп, жақсы азаматтық борыш беріп, алдарына қойған мақсат беріп, тәрбие беріп, жеткізіп жатырмыз. Ойлаймыз келешекте бұл «Жас сақшы» сыныбынан біздің әріптестеріміз, ішкі істер министрлігіне қосылатын азаматтар, азаматшалар табылады деп. 

Іс-шара жас сақшыларға деген игі тілектермен басталып, кейін концерттік, спорттық қойылымдарға ұласты. Оқушылар, полиция департаментінің кинологиялық қызметі мен арнайы жасағы дағдыларын көрсетті.

«Жас сақшы» полиция сыныбы ретінде қазақ тілінде білім алатын 7-сынып оқушылары таңдалған. Барлығы 19 ұл-қыз ант қабылдап, елге адал қызмет етуге дайын екендерін айтты. Оларға арнайы куәліктер де табысталды. 

Керек жабдықтың бәрімен қамтылған кабинетте Арли Харки құрметіне тақта да орнатылған. Мұнда тәртіп сақшылары жеткіншектерге теориялық білім береді, кейін оны практикалық тұрғыда көрсетеді. «Жоба өскелең ұрпақты әскери қызметке даярлауды, сондай-ақ олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруды көздейді», - дейді мектеп басшылығы. 

Нұргүл Рахимғожина, № 41 денешынықтыру-сауықтыру бағытындағы жалпы орта білім беру бейіндік мектебінің директоры

Бұл жұмыстың басты нәтижесі – балаларға Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына түсу кезінде басымдық беріледі. Себебі олар алғашқы дайындық бойынша негізгі практикалық курсты оқу барысында өтеді. Сонымен қатар бұл, әрине, шәкірттердің отансүйгіштігі мен осы іске деген ынтасын арттырады. Кабинетте өтетін дәрістерге мектептің барлық оқушысы қатысады. Дегенмен «Жас сақшы» сыныбының балалары қала мектептерінің, білім басқармасы мен полиция департаментінің әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларына атсалысады, педагогика саласы мен ішкі істер органдарының ардагерлерін ұлықтау шараларына да жұмылдырылады. Мұндай тәжірибе Павлодар облысында бұрыннан бар.

Жаңа кабинеттің ашылуына орай жас сақшыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Бұған қоса, мектеп пен облыстық полиция департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қос тарап қол қойды. 


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу