Өрт сөндіру бекеті ашылды
Железин ауданы Уәлиханов ауылында жаңа ерікті өрт сөндіру құрылымы жұмысын бастады. Осылайша шалғайдағы елдімекеннің қауіпсіздігі жолында кезекті қадам жасалды.
Өрт сөндіру бекеті Павлодардан 250 шақырым қашықтағы Уәлиханов ауылында орналасқан. Нысан Төтенше жағдайлар қызметінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында құрылды. Жоба ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін күшейтіп, шалғай елді мекендерге жедел көмек көрсетуге бағытталған.
Ақылбек Баяхметов, ТЖД өрт сөндіру басқармасының бастығы
Бұл бастама былтыр Төтенше жағдайлар министрінің бастамасымен қолға алынған болатын. Жұмыс өңірімізде де жалғасып жатыр. Бұл бекеттің ерекшелігі жаңа технологияларды қолдану арқылы қысқа мерзімде салынуы. Ол төрт елді мекендегі мыңнан астам тұрғын мен 12 кәсіпкерлік нысанды қамтиды. Бекет аудан орталығынан 70 шақырым қашықта орналасқан. Сондықтан негізгі күштер келгенге дейін төтенше жағдайды жедел жоюға мүмкіндік береді.
Ауылдағы өрт қауіпсіздігін кәсіби өрт сөндірушілер емес, арнайы даярлықтан өткен жергілікті тұрғындар қамтамасыз етеді. Еріктілер Төтенше жағдайлар департаментінде қажетті дайындықтан өтіп, өрт болған жағдайда алғашқы әрекеттерді орындауға машықтанған. Жаңа бекет қызмет атқаруға қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Мұнда өрт сөндіру техникасы, байланыс құралдары, өрт сөндіру жабдықтары және арнайы киім бар. Қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілік атқаруына да жағдай жасалған. Бұл өртке дер кезінде әрекет етіп, оның салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Әсемгүл Краузе, Еңбекші ауылдық округінің әкімі
Бүгін ауылымызда өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл нысанды бірнеше жылдан бері күттік. Бекет құрамына үш ауыл кіретін ауылдық округке қызмет көрсетеді. Мұнда 722 адам тұрады. Сонымен қатар қызмет көрсету аумағына шамамен 40 шақырым радиустағы көршілес елді мекендер де кіреді. Биыл ауылымызда өрт жағдайлары жиі тіркелді. Сондықтан бұл бекеттің ашылуы қажет болды.
Алдағы уақытта облыстың тағы да ондаған шалғай ауылында осындай ерікті өрт сөндіру құрылымдарын ашу жоспарланып отыр.
Сабина Жолдаспаева