Мұнай-газ саласындағы хакатон басталды
Павлодарда мұнай-газ саласындағы өзекті міндеттерге цифрлық шешім іздейтін хакатон басталды. Шараның ашылу салтанатында қатысушыларға хакатонның мақсаты мен жұмыс бағыттары таныстырылды. Екі күнге жоспарланған байқауға жиырмаға жуық команда қатысып, өндірістегі нақты мәселелерді заманауи технологиялардың көмегімен шешуге тырысады.
Хакатонға студенттер, жас әзірлеушілер мен IT саласының мамандары жиналды. Қатысушыларға мұнай-газ саласына қатысты нақты міндеттер ұсынылды. Енді командалар екі күн бойы өзара тәжірибе алмасып, мәселенің тиімді шешімін әзірлеуі тиіс. Нәтижесінде жұмыс істейтін цифрлық прототип жасап, оны сарапшылар алқасына таныстырады. Ұйымдастырушылар мұнай-химия өндірісі кәсіпорындарының өкілдері.
Михаил Железняков, өндірістік қызмет дирекциясының Павлодар қаласындағы филиалының директоры
Біз мұндай шараларды өңірлерде білім беру ұйымдарымен байланысты нығайту және жаңа таланттарды іздеу мақсатында өткіземіз. Бұл жолы қатысушылардың міндеті жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бағдарламалық кодтың Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеретін бағдарламалық шешім, яғни арнайы агент әзірлеу. Бағдарлама коды жазылған кезде ақпараттың сыртқы ресурстарға берілуі немесе қауіпсіздік талаптарының бұзылуы сияқты жағдайлар орын алуы мүмкін. Сондықтан қатысушылардың міндеті бағдарламалық жасақтамада осындай қауіпсіздік осалдықтарының бар-жоғын анықтайтын және қажет болған жағдайда оларды жою жолдарын ұсынатын құрал жасау.
Командалар үшін басты міндет қысқа мерзім ішінде идеяны нақты өнімге айналдыру. Дайын жобалар олардың іске асырылу сапасы, практикалық маңызы және одан әрі дамыту мүмкіндігі бойынша бағаланады. Байқауға өзге өңірлерден келген командалар да қатысты. Солардың қатарында Атырау қаласынан келген екі команда бар.
Шара AI-Sana бастамасының мақсаттарымен үндеседі. Қатысушылар өз идеяларын жетілдіріп, жұмыс істейтін прототиптер әзірлейді. Ал хакатон қорытындысында үздік жобалар сарапшылар назарына ұсынылып, олардың өндірісте қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Сабина Жолдаспаева