Жеңіл ұтыстың ақыры
Павлодарда жастар лудоманияның зардабы туралы сөз қозғады. Құмар ойынның адамға, оның жақындарына және күнделікті өміріне әсері талқыланды. «Заң және тәртіп» идеологиясы аясындағы стратегиялық сессияда қатысушылар тәуелділіктің алдын алудың нақты жолдарын қарастырды.
Мәселен, Арманның құмар ойынға қызығушылығы алғашқы ұтыстан басталған. Бір айда әрең табатын ақшасын ол бірнеше минутта ұтып алған. Сол сәтте бұл сәттілік болып көрінді. Бүгінде ол осы жағдайды өмірін біртіндеп өзгерткен кезең ретінде еске алады.
Арман, лудоманиядан зардап шеккен азамат
Алғаш рет көргенде, «бұл жақсы екен» деп ойладым. Оңай, өте қарапайым көрінді. Аз ғана уақыттың ішінде ақша табуға болады. Мен айына 85 мың теңге табатынмын. Ал мұнда жарты сағатта 60 мың теңге ұтып алдым. Осы жағдайлардың бәрі менің санамды, дүниеге деген көзқарасымды өзгертті. Бәрі содан басталды. Менің ойымша, қайтарымсыз нүкте алғаш ойнаған сәтім болды. Өз атыма аккаунт ашып, жеке куәлігімді суретке түсіріп, тіркеуден өткен кезімнен бастап бұл әдетке кіріп кеттім.
Кейін ұтыс көлемі де, қарыз да көбейді. Бір кезде оңай ақша табудың жолы болып көрінген ойын біртіндеп қаржылық қиындыққа әкелді. Оның салдары жақындарына да тиді. Қазір Арман осы жағдайдан шығуға тырысып, қарызға алған ақшасын қайтаруға күш салып жүр.
Арман, лудоманиядан зардап шеккен азамат
Қазіргі таңда қарызым шамамен 120 миллион теңгеге жетті. Бұл ақша ата-анама, әйеліме, өзіме және қарыз алған басқа да жақындарыма тиесілі. Өмірдегі ең маңызды құндылықтарым, абыройымның бәрі жоғалды. Бір кездері ақша сұраудан да ұялмайтын болдым. Қазір қарыздарымды біртіндеп қайтарып жатырмын. Қарыз берген адамдардың әрқайсысымен келісім жасап, ақшаны алдағы уақытта қайтаруға уағдаластым.
Кездесуде қаржылық сауаттылық, жарнама мен әлеуметтік желілердің ықпалы, тәуелділіктің алғашқы белгілері сөз болды. Бұл мәселеде отбасы, мектеп пен достардың да рөлі маңызды. Мамандар заңсыз онлайн ресурстар мен интернетте таралатын ойын және бәс тігу контентіне де бақылау жүргізіп келеді.
Айжан Хасенова, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі
Заңнамада құмар ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл Қылмыстық кодекстің 307-бабы. Ең жоғары жаза мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Сонымен қатар бұл бапта құмар ойындарды жарнамалауға да тыйым салынған. Біздің ведомство бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастармен жұмыс істеуде үйреншікті дәріс пен түсіндіру тәсілдері әрдайым тиімді бола бермейді. Жас буын алдында құр теориядан гөрі, өмірден алынған нақты оқиға айтылғанда көбірек ой түйеді.
Диас Сағитов, «Жастар салауатты өмір салты үшін» ҚБ жетекшісі
Қазір жастармен жұмыс істеуде түрлі тәсілдерді қолданамыз. Бұған дейін дәрістер, кездесулер және басқа да іс-шаралар өткізілетін. Бірақ жастар мұндай форматқа аса қызығушылық таныта бермейтінін байқадық. Олар «бәрін білеміз, өз басымыз бар» деп ойлайды. Сондықтан қазір осындай кездесулерге өмірінде бұл мәселені бастан өткерген адамдарды шақырамыз. Олар өз тәжірибесін айтып, болған жағдайдың салдарын түсіндіреді. Жастар сол оқиғадан өзіне сабақ алады.
Лудомания көбіне «өмірімді өзгерткім келеді» деген ойдан басталмайды. Кейде оған қызығушылық, ермек немесе оңай ақшаға деген сенім себеп болады. Ал соңы ұтыспен емес, қарызбен, жоғалған сеніммен және босқа өткен уақытпен аяқталуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі кездесуде басты назар мәселені кейін шешуге емес, оның алдын алуға аударылды.
Сабина Жолдаспаева