Осы аптадан бастап әлеуметтік объектілерге жылу беріле бастайды. Барлық үш жылу электр станциясы күзгі-қысқы кезеңдегі жүктемелерге барынша дайын. Бұл туралы облыс әкіміне есеп берген жауапты мамандар айтты.  
 
Павлодар үшінші ЖЭО-да жөндеу науқаны толығымен аяқталды. Бас директордың міндетін атқарушы Вадим Лесиннің ақпараты бойынша, станцияда 10 тәулікке жететін көмірдің 115 мың тоннасы бар.
Күрделі және жоспардан тыс жұмыстарды ескере отырып, ЖЭО-2 жылу желілерін, оның ішінде магистральдық, ыстық сумен жабдықтау желілерін реконструкциялау аяқталды. 
Қала əкімі өңір басшысына барлық жұмыс жылыту маусымына дейін аяқталатынын жеткізді. Жалпы, 1 129 үй дайын. Бұл 89,2 пайызды құрайды. Алдымен 15 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды. 
Асайын Байханов, Павлодар қаласының әкімі:
Жалпы бізде қалада 27 әлеуметтік нысан бар. Олар 100 пайыз дайын. Білім беру мекемелері де 100 пайыз дайын. Денсаулық сақтау саласындағы 26 ғимарат жылу маусымына дайын. 
Бұдан кейін өңір басшысы халықты қатты отынмен қамтамасыз ету жағдайымен танысты. Көмір өткізу бойынша ірі нүктелердің бірінде 4,5 мың тонна қор бар. Бірақ халық көмір сатып алуда белсенділік танытпай отыр. 
Сондай-ақ, облыс басшысы қаланың әр түрлі бөліктеріндегі тұрғын үйлердің дайындығын тексерді. Жылудан бөлек облыс орталығының өзекті мәселелерінің бірі - үйлерді басқарудың жаңа түріне көшу. Бүгінгі таңда шамамен 60%-ы жаңа жүйеге ауыстырылған. Әбілқайыр Сқақов бұл жайында тұрғындарды хабардар етіп, көрсеткішті 100% - ға дейін жеткізуді тапсырды.
 
Қуандық Танабас