Биыл Павлодар қаласындағы 10-нан астам көпқабатты үйдің қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Оған бюджеттен 60 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл үшін магистральдік жол бойындағы үйлер таңдалыпты.
Бұл сырланып жатқан көпқабатты үйлердің бүгінгі кейпі. Жылдар бойы сұрланып тұрған ғимараттар түрлі-түске боялып, шаһардың өңін ашуда. Тұрғындар да коммуналшылардың жаңашылдығы көздің жауын алады дейді.
Заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы орган бюджеттің қаражатына сәйкес шаһардағы үйлердің қасбетін сырлай алады. Осы ретте Павлодар қаласында аталмыш сырлау жұмыстары биыл қарқынды. Жалпы шаһарда 11 көпқабатты үйді бояп, қалыпқа келтіру жоспарланып отыр.
Салтанат Әкімбекова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
Бұл Торайғыров көшесі 59, Академик Сәтбаев көшесі 11, 17,19, 21, 57,73, Лермонтов көшесі 100, Катаев көшесі 19,21, 79, 81-ші үйлер. Аталмыш үйлер магистральдік көшелерде орналасқан. Қасбеті ескіргендіктен арнайы таңдалды. Қазір Катаев көшесінде жұмыстар аяқталды.
Бүгінде Лермонтов, Сәтбаев, Торайғыров көшелеріндегі үйлердің сырттары сырланып жатыр. Осылайша біртіндеп көпқабатты үйлер қалыпқа келтіріледі. Жұмыстар айдың соңына дейін жалғасады. Оған бюджеттен 67,4 млн теңге қарастырылып отыр.
Самал Қалиқызы