Ұстаздар мерекесі қарсаңында мектептерде өзін-өзі басқару шарасы дәстүрге айналып кеткен. Мұғалімдер бір күн партаға отырып оқушы болса,  ал жоғары сынып оқушылары сабақ береді. Аталмыш шара Алғабас ауылдық мектебінде де өтті. 

Шынымен ұстаз, оқушы, ата-ана арасындағы байланыс сапалы білім мен тәрбиенің негізгі кепілі. Жылдар өткенмен, технология, ақпарат заманы келгенмен педагог, ұстаз мамандықтары қашан да өлмейді, өшпейді. Сондықтан шығар, кез келген педагог мұғалімдікті жүрекпен жақсы көреді. 
Ардақ Болтаева, М.Қабылбеков атындағы мектептің биология пәнінің мұғалімі:
Мұғалімдік біздің жүрегімізде қалды. Өйткенгі әкем де сіңілім де мұғалім. Әр баланың жүрегіне жол таба білу қызық. Өте қиын. 
Бұл Алғабас ауылындағы Мәжен Қабылбеков атындағы мектеп. Ұстаздар мерекесі  қарсаңында мында өзін өзі басқару күні өтіп жатыр. Жоғары сынып оқушылары жауапкершілікті мойындарына алып, бір күн өздерін мұғалім сезінуде. 
Диана Нығметолла, М.Қабылбеков атындағы мектептің оқушысы:
Біздің 9-10 сынып оқушылары сабақ берді. Біздің мұғалімдер сабақ алды. Сабақ қызық өтті. 
Мектеп директоры өзін-өзі басқару күнінің оқушылар үшін аса маңызды екенін айтып отыр. 
Шапағат Жабықов, М.Қабылбеков атындағы мектептің директоры:
Оқушыларды бұл жауапкершілікке тартады. Себебі оқушылар өздері көреді. Алдын ала дайындық жүргізу керек. Жақсы жүргізіп жатыр. Мен өз оқушыларыммен мақтанамын. 
Алғабас ауылдық мектебінің ұжымы осылайша мұғалімдер күнін қызықты әрі пайдалы атап өтті.  
 
Самал Қалиқызы