Облыс аппаратының жиынында халықты жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Онда бірнеше басқарманың жұмыспен қамтудың ұлттық жоспарын орындай алмай отырғаны айтылды. Сонымен қатар, жұмыс күші басым аймақтардан және шетелден көшіп келген қандастарды қоныстандыру барысы да талқыланды.

Аппарат кеңесі Екібастұздағы ахуалды нақтылаумен басталды. Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, қазір жылу орталығында 6 қазандық істеп тұр. Жылу параметрі 71,52 градус. 4 қазандық жөнделіп жатыр.

Артынша Павлодар және Успен ауданының жаңадан тағайындалған әкімдері аппарат алдында таныстырылды.

Әрмен қарай жиынның негізгі күн тәртібі облыс тұрғындарын жұмыспен қамту картасының іске асыру барысы сөз болды. Жалпы өткен жылы 21 мың 700 жұмыс орыны құрылған. Ал, биыл 25 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі бес пайызға жуықтайды. Өткен жылы бірқатар басқарма жұмыспен қамтудың ұлттық жобасының жоспарына қол жеткізе алмапты.

Бұл жоспарлар биыл орындалуы тиіс. Жұмыспен қамту елдің негізгі әлеуметтік саясатының бірі екендігін айта келген әкім, бұл бағыттағы қадағалуды күшейту керектігін айтты.

Биыл 4 мыңға жуық адам қоныстанады

Сонымен қатар, жиын барысында өңірге өзге аймақтардан жұмыс күшін тарту мәселесі де сөз болды. Жалпы 2017-жылдан бері 14 мыңнан астам адам көшіп келіпті. Олардың 3 мыңға жуығы шетелдерден келген қандастар. Ал, биыл 3773 адамды қоныстандыру жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта оңтүстік аймақтан және шетелден көшіп келушілерді қоныстандыратын елдімекендердің тізбесі анықталған. Оған облыс бойынша 270 елдімекен кіреді. Көшіп келушілерді ынталандыру бағдарламасы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жасалған.

Жанасыл Серікбол