«Ақсу» футбол клубының жаңартылған командасы көпшілікке таныстырылды. Олар Қазақстан премьер-лигасының командалары арасында өтетін жаңа маусымда ойын өрнегін көресетеді.
«Ақсу» футбол клубында қазақстандық ойыншыларынан бөлек легионерлер бар. Олардың қатарында Қырғызстан ұлттық құрамасының спортшысы Қайрат Жырғалбекұлы, украин футболының тәрбиеленушісі - Артур Мурза, Кабардино-Балкария футболының тәрбиеленушісі - Ислам Жилов, нигериялық Фейт Обилор және Чиди Осукву, бразилиялық Брайан Гарсия Сильва және Луис Энирке Гедеш, Сербияның футбол тәрбиеленушісі - Никола Эскич, португалдық Тони Сильва.
Әлихан Лесов, «Ақсу» ФК директоры:
Біз маусым аралық кезеңде ауқымды жұмыс жасадық. Жауынгерлік қабілеті бар ұжым жинадық. Команда үздіктерін сақтап, құрамға жоғары дәрежелі футболшыларды қосуға мүмкіндік туды. Біз чемпионатта сәтті өнер көрсету үшін бар күшімізді саламыз, өңірімізді абыроймен таныстырамыз.
Облыс әкіміне команданың атаулы футболкасы табысталды. «Ақсу» футбол клубының бас бапкері Руслан Костышин аймақ басшысына жасалған жағдайлар үшін алғыс білдірді.
Руслан Костышин, «Ақсу» ФК бас бапкері:
Біз Түркияда бір айдан астам уақыт өткіздік. Бізге барлық жағдайлар жасалды. Жақсы қонақүйге тоқтадық. Әкімдіктен бөлінген қаражаттың арқасында алаңдар ұсынылды. Біз жақсы жұмыс жасадық.
Асайын Байханов ойыншылармен жеке танысып, команданы алдағы маусыммен құттықтады. Облыс әкімі ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамына жеңіс пен табыс, жақсы спорттық әзірлік пен сәтті ойын өрнегін көрсетуді тіледі. - Осы маусымда біз Павлодар және Қазақстан футболының спорттық өмір тарихына енетін жаңа есімдерді күтеміз, - деді облыс әкімі. Өз кезегінде команда капитаны Руслан Есімов жанкүйерлердің үмітін ақтауға уәде берді.
Руслан Есімов, «Ақсу» ФК капитаны:
Команда атынан Павлодар өңірі Қазақстан чемпионатының алдыңғы қатарында болуы үшін футбол алаңында бар күшімізді салып, әр ойында тек жеңеміз деп сөз беремін.
4 наурызда өтетін 32-ші ел чемпионатының алғашқы матчында «Ақсу» қостанайлық «Тобылға» қарсы ойнайды.
Ақмаржан Қалымбек