Оңтайландырудан опық жеген ауылдар. Павлодар облысында 2013 жылы 200-ден аса елдімекеннің 78-і ауыл мәртебесінен біржола айырылып, округтерге қосылып кеткен. Алайда, болашағына сенген тұрғындар ауылды көркейту үшін дербес елдімекен мәртебесін беруді сұрайды. Тілшіміз шалғайдағы Шегірен ауылының халқымен кездесті.
Шегірен - қарағайлы орман жиегінде тұрған ауыл. Оттан қауіп күшті. Қызыл жалын лап ете қалса бірден ауылға тиеді. Өткен жазда бірнеше мәрте өрт шығып, ауданнан көмек жеткенше халық дүрлігіп қалды.
Мәриям Абдолқызы, Шегірен ауылының тұрғыны:
Анау Галкиннен біздің әкімді шақырып, ол кісі келгенше дейін біздің ауылға кіріп кетеді. Өрт жайылып кетеді. Осы мәселе, сол үшін бізде әкіміміміз қасымызда болса, дер кезінде қозғалса, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын.
Оңтайландыру кезінде Шегірен округке біріктіріліп кеткен. Әкімшілік кеңсе, емхана, өрт сөндіру бекеті, пошта барлығы көрші Галкино ауылында. Бірақ онда баратын жол нашар.
Аманбек Кірісхан, Шегірен ауылының тұрғыны:
Жаңбырда езіліп қалады, қыста енді ашады, ашқанымен бітеліп қалады.
Әсен Нұрсанұлы, Шегірен ауылының тұрғыны:
Біз әкімшлік кеңсеге бару үшін 50-60 шақырым жол басамыз. Бір қағаз алу үшін. Сосын қайтып келеміз. Сонда 100 неше шақырым. Енді осы ауыл жабылады-деп кім айтады? Жылдан-жылға өсіп отыр.
Ауылда 700 дің үстінде тұрғын бар. Елдімекенде ескі мәдениет үйі мен мектеп қана істеп тұр. Жөндеу көрмеген әлеуметтік нысандар әбден тозған. Ауыл инфрақұрылымнан жұрдай. Соған қарамастан былтыр Шегіренге ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша 45 отбасы көшіп келген.
Қанат Жүнісов, Шегірен ауылының тұрғыны:
Оптимизация болғанда бір 10 шақтысын жинап, өздеріне қол қойғызып, ауылды бөліп тастады. 200 үй бар. 750 халық бар, мектепте 150 оқушы балалар бар.
Тұрғындар ауылдың болшағынан үмітті. Жастардың туған жерінен тамыр үзбеуі үшін жұмыс орындарын ашып, өз алдына дербес елдімекен мәртебесін беруді сұрайды.
Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:
Осы мәселені халық көтеріп отырғаннан кейін, осы халықтың өсуіне байланысты немесе мал саны, жан санының өсуіне байланысты, кәсіпорындардың өсуіне байланысты бұл сұрақ қайтадан қарастырылады. Биыл 2023 жылға Шегірен ауылына медицина пунктің жөндеуге 60 млн.теңге қаражат бөлініп отыр, халықтың сыны назарға алынып.
Аймақтағы ауылдар 2013 және 2018 жылдары екі кезеңмен оңтайландырылды. Мақсат- бюджет қаржысын үнемдеу болатын. Сол кездері 80-нен аса елді-мекен ауылдық округ мәртебесінен айрылды.