Павлодар ауданының 14 жастағы тұрғыны ешкі бағып кәсібін дөңгелетіп отыр. Жасөсіпірм ешкі фермасын ашып, пайдалы сүт өнімдерін сатумен айналысады. Жас кәсіпкерге әкесі көмектеседі. Ұлының ұсынысын бірден қолдаған. Мұндай бизнес жоспар қалай пайды болды?

Кішкентай кезінен мал шаруашылығына қызығатын Тимур есімді жас кәсіпкер ешкі шаруашылығын дамытуды қолға алған. Бастапқыда ол ешкілерді сатып алу үшін қаражат жинайды. Кейін әкесі несие алып, Петропавл қаласынан асыл тұқымды швейцариялық 7 бас «Заннин» ешкілерін әкеледі. Міне Қазақстанның тек бірнеше өңірінде дамыған төрт түлік малын павлодарлық жас кәсіпкер асырап отыр. Күніне 2 литрден аса сүт алады. Ешкілердің алғашқы басы көктемде төлдеуге жақын.

Тимур Рүстемов, жас кәсіпкер:

Қызығушылым осы асыл тұқымды ешкілерге түсті. Өте ақылды жануарлар. Тілін табуға болады. Осы ешкі шаруашылығымен айналысуым да менің жасыма ыңғайлы. Оларды бағып қағып, шөп, жемін беруіме өзім жауаптымын.

Тимурдың күні таңғы сағат 05:00-тен басталады. Ешкілерді күніне екі мезгіл сауады. Күтіміне де ерекше ұқыптылықпен қарайды. Үй жануарларын бағуды бейне сабақтардан үйренген. Қазір сексек ата төлін күтіп баптау бойынша мол тәжірибе жинап та қалған. Болашақта мал дәрігері болуды армандайды.

Ешкі сүтінің емдік қасиеті 99 түрлі ауруға ем. Ғалымдар анемияда, тағамдық аллергияда, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте ешкі сүтін тұтыну пайдалы екенін талай рет дәлелдеген. Бұл ақпаратты Тимурдың құлағы шалып, анасын мазалайтын аллергияны емдеуге көмек беру үшін жолын іздейді.

Тимур Рүстемов, жас кәсіпкер:

Анамда аллергия болды. Мен анама көмектескім келді. Осы ешкі өнімі аллергияның алдын алуы үшін де пайдалы. Міне бір жылдан аса уақыт анам сүт өнімін пайдаланып келеді. Ешкі сүті оң нәтижесін берді.

Павлодар облысында мұндай табиғи диеталық өнімдер сирек кездеседі, дегенмен жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие. Бүгінде жас кәсіпкер Павлодар шаһарының дүкен сөрелерін ешкі сүтімен қамтамасыз етіп отыр. Сұраныс да күн сайын артуда.

Жаслан Рүстемов, Тимурдың әкесі:

Ресейден біз заказ бергенбіз. Сыроварня деген 50 литрлік. Біз сертификат алғандай. Біздің продукциямыз сертификатталғандай болғандай. Ішінде пастелезатор бар. Ішінде үлкен бөшке бар. Сүт салғанда кішкене ірімшік қылып, май қылып, йогурт қылып, айран істеп ешкінің сүтінен.

Тимур нарықта ешкі сүт өнімдерінің жеке маркасын дамытуға ниетті. Ал, әкесі әрдайым ұлының бастамасын қолдауға дайын.

Мөлдір Сағидолла