Парламент Мәжілісінің Respublica партиясынан депутаттары Айдарбек Қожаназаров пен Динара Шүкіжанова Павлодар облысында болды. Сапар аясында депутаттар шаруалармен кездесіп, мәселерін тыңдады. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін фермерлер ел Президентіне, мемлекеттік органдарға жағдай қиын екендігін айтып, бірнеше рет үндеу жасаған еді.

Облыс фермерлерінің үлкен қиындықтарға тап болуына бірнеше факторлар әсер етті. Басты себеп, құрғақшылық. Мамыр мен маусым айларында жаңбыр мүлдем болмады деуге болады. Топырақтағы ылғал деңгейі төмен екендігін сала мамандары растап отыр. Ал, қазір жаңбыр молынан жаууда. Алайда, бұның өзі шаруа иелерінің жағдайын одан әрмен күрделендіре түскен. Өйткені, ала жаздай төккен терді шашау шығарай жинап алуға кедергі келтіріп тұр. Ал, құрғақшылықтан төніп тұрған қауіп шаш етектен.

Дәулет Бәкішев, шаруа қожалық иесі:

Әрбір шаруаның қаржылық міндеттері бар. Несиелері бар. Көптеген лизингтік және дестюбитерлік компаниялар алдында берешегі бар. Қазір оны өтеуге ешбір шаруаның мүмкіндігі жоқ.

Жиын барысында фермерлер қордаланған мәселерді ортаға салды. Құрғақшылық, экологиялық жағдайдан бөлек, экспортқа қатысты түрлі тиымдар да жанымызға батады деді олар. Сондықтан, тиісті мекемелер бір шара қабылдаса екен деген ниеттерін жеткізді.

Серік Батырғожинов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:

Біз төтенше жағдай жариялау мәселесімен айналыстық. Жан-жақты талдадық. Алайда, тиісті мекеме тарапынан құрғақшылық төтенше жағдай жариялауға себеп емес деген жауап келді.

Алайда, депутаттар төтенше жағдай жариялаудың қажет екендігін айтып, бұл мәселені алдағы уақытта көтеретіндіктерін жеткізді.

Бас қосу аясында шаруа иелері көптеген мәселерді ортаға салып, ұсысынтарын білдірді.

Жанасыл Серікбол