Торайғыров Университетінде «Хакім Абай» монооперасының премьерасы өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Шахимардан Әбілов Абайдың «Толық адам» тұжырамдамасына жүгіне отырып, оның принциптері мен идеяларын жастарға насихаттады. Толығырақ фильм тұсаукесерінде болып қайтқан тілшіміз баяндайды.

Моноопера – Қазақ сахнасында сирек кездесетін жанрдың бірі. Оның ерекшелігі – кейіпкердің субъективті көрсетілуінде. Мұнда тұлғаның сезімдері, толғаныстары алдыңғы қатарға шығады. Бүгінгі кеш шымылдығын Шахимардан Әбіловтың өзі алғы сөзімен ашып, қойылымына түсініктеме берді.

Шахимардан Әбілов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор:

Әл Хазрет айтады, мына жүректің, дейді, бір керемет шыңы бар дейді. Оны сөзбен біз жеткізе алмаймыз. Оны көңілдің әуенімен шығарып жеткіземіз. Ал көңілдің әуені ол – жүректің сыртқы сырының, ал бірақ ар жағында рухани сыр жатыр дейді. Біз соны қалай шығарамыз? Оны шығару қиын. Оған ғылым крек. Сол кезде осындай концепцияны біздің Абай атамыз мына сіздерге жазып кеткен.

Шахимардан Әбілов «музыкалық ойларын» М. Әуезовтың «Абай жолы» романына арнады. Көрерменге Абайдың ой толғаныстары мен философиялық көзқарастарын шебер жеткізе білді. Сонымен бірге, ақынның өміршең өлеңдері мен олардың астарлы мағынасын көрерменге паш етті.

Шахимардан Әбілов өз жұмысында Абайдың жан-жақтылығы мен ұлылығын көрсетумен қатар, мәдени даму мен жоғары құндылықтарды дәріптейді. Абайдың «толық адам» тағылымына ерекше көңіл бөледі. Абай адам баласына қажет үш басты қасиет – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін терең түсінген. Бүгінгі моноопера да өскелең ұрпақ бойына адамшылық қасиеттерін сіңіруді мақсат еткен.

Алтынбек Валиев, торайғыров университетінің студенттік филармониясының директоры:

Бұл шараның мақсаты – қазіргі жастарға Абайдың бағдарламасын, ойын толығымен жеткізу. Сондықтан да, менің ойымша, толық адам деп сол үшін аталған сияқты.

 «Толық адам концепциясын, Абай монооперасынан үзінді қазір студенттеріміз бен қонақтарымыз тамашалап үстінде. Осы бағдарламаны қолға алып жатқан университетіміздің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Шахмардан Қайдарұлы Абилов ағамыз»

Шахимардан Әбіловтің Абайдың әндерін биік деңгейде орындап жүргені бұрыннан белгілі. Ал «Хакім Абай» ‒ қазақ сахнасындағы алғашқы моноопера. Концерт Алматыдағы Абай атындағы опера-балет театрында түсірілген. Фильм ретінде тұсауы біздің өңірімізде кесілді.

Серік Сыздықов, дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының директоры:

Бүгінгі мынау ерекше формат. Шахимардан ағамыздың «Абай» операсы негізінде моноопера жасап, Абайдың толғамды ойларын, қара сөздерін, жыр шумақтарын осындай өзінің әнімен астастырып, тамаша музыкамен үйлестіріп, осындай бір ой сыйлайтындай, тамаша көңіл сыйлайтындай кеш өткізіп отыр.

Нұрмұхамед Шаймарданов, торайғыров университетінің студенті:

 «Толық адам» монооперасы бойынша өзіміздің жаңа қырларымызды ашып, көптеген ақпаратты өзімізге жинап отырымз. Осындай форматтағы шаралар өте сирек кездеседі. Мінекей, мен өзім бірінші курста оқығандықтан, өзім осындай моноспектакльді бірінші рет көріп тұрмын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара елімізде бірінші рет өткізілді. Алдағы уақытта моноопера фильмі өзге қалалардың көрермендеріне де ұсынылатын болады.

Жұлдыз Қабылденова