Қазақ халқы үшін келіннің орны қашан да бөлек. Келіндердің келіндердің тірлігін көпшілікке үлгі-өнеге ретінде дәріптеу мақсатында «Жақсы келін – ырысың» атты облыстық байқау өтті. Толығырақ келесі сюжетте.

Келіннің отбасындағы рөлі, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ бойына сіңірудегі үлесі ерекше. Бойына осындай асыл қасиеттерді жинаған осындай жандар байқауда бақ сынасты. Сайысты Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы қолдауымен, «Қоғамдық келісім» мекемесі және «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Бақытжамал Масилова, «нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Сайысқа аудан-қалалардағы әулеттердің түтінін түтетіп, шаруасын ширатып отырған келіндер қатысты. Қатысушылардың бірі – ұстаз болса, енді бірі дәрігер. Сан-салада табысты еңбек етумен қатар бір отбасының берекесін келтіріп, шаңырақтың ұйытқысы болып отыр.

Ата-енесімен бірге тұрып, отбасындағы қызметті де, қоғамның жұмысын да қатар алып жүрген қатысушылар бірнеше бағытта бақ сынады. Олардың салт-дәстүр мен мақал-мәтелдерге қатысты білімі сарапқа салынды. Сайыста өзге ұлт өкілдері де бақ сынады. Мәселен, Светлана Падюкова Найман еліне келін болып түскеніне 11 жыл болған.

Светлана Падюкова, сайысқа қатысушы:

 «Бұл сайыста келіндер көптеген нәрсені біледі... біліп, білмегендерге насихаттаса екен деймін» , «ең маңыздысы – келін мен ененің арасындағы қатынас келін әрқашан күлімдеп жүру керек.

Келіндер өнерлерін көрсетіп, көрерменді шеберліктерімен тамсантты. Қазылар алқасы қатысушылардың киім үлгісін, сахна мәдениетін сақтауын, қолөнер шеберліктерін бағалады.

Осылайша, қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәлім-тәрбиені насихаттауға бағытталған байқау жоғары деңгейде өтті. Сол арқылы келіндер әйел адамдардың отбасы мен қоғамдағы орнын көрсете білді. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған қатысушылар марапаттарға ие болды.

Жұлдыз Қабылденова