Ұлттық мәдени-ағарту бағытындағы республикалық «төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы оқушыларға ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптейді. Балалар оқу жылының бірінші тоқсанында домбыра аспабы мен төл өнердің қыр-сырымен танысса, екінші тоқсан асық ойынына арналған. Бүгін М. Әлімбаев атындағы мектепте оқушылар ұлттық спорт түрінен сайысқа түсті.

 «Алтын сақа» олимпиадасы дене шынықтыру мұғалімдерінің семинарлары, ақпараттық стендтер рәсімдеу және «мектепке асық сыйла» сынды шараларды қамтыды. Сондай-ақ оқушыларды ұлт мұрасы – асық ойынына баулыды.

Қадырбек Раисов, Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдіскері:

   Асық ату – ұлттық ойындардың бірі. Асық қайдан шығып жатыр? Ол не? Қалай ойнайды? Соның ережесін тапқан болатынбыз. Осы асық ойынын бүкіл мектептерде сабақта емес, кружок қылып енгізіп жатырмыз. Жеңімпаздар білім бөлімінің мадақтама қағазы және медальдарға ие болады

Жарыста қаламыздың 43 мектебінің 5-11 сынып оқуышылары өзара сайысқа түсті. Турнирге әр мектептен 2 оқушы қатысты.

Абылайхан Байділда, Павлодар қаласының № 43 жоббм дене шынықтыру пәні мұғалімі:

Бүгінгі ойынға екі оқушы әкелдім. Барлық ұлдар, қыздар дайындалған. 1 ұл, 1 қыз. Құдай қаласа, жарыстан орын аламыз деген үміттеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз. Бұл жарыстың маңызы зор. Бұл – біздің байлығымыз, ұлттық ойынымыз. Оны дәріптеу – өте керемет, жақсы нәрсе. Өзіміз – бала кезден асық ойнап өскен ігіттерміз. Сондықтан, маңызы зор жарыс деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға рақмет

Оқушылар сайыстың тартысты өткенін айтады. Олар тоқсан барысында асық туралы мәліметтер алып, ұлттық ойынға деген қызығушылықтары артқан.

Жанаргүл Жұмабекова, Павлодар қаласының М. Әлімбаев атындағы жоббм 8-сынып оқушысы:

   Екінші тоқсанда асық ойынымен танысып, бүгін асық ату және бес асық ойындарымен біздің мектепте қаланың барлық мектептері жиналып, өз бақтарын сынауда,бес асықта 13 рауд бар, ұпай жинағанда, неше асықты ұстап аласың, сонша саған ұпай беріледі. 1 асық 10 ұпай болады

Фархат Әбдіқалықов, Павлодар қаласының №26 жоббм 6-сынып оқушысы:

   Асық ату сайысы жақсы өтті. Мен жеңген жоқпын, бірақ қызық болды. Біздің мектепте үйірме бар. Соған қатысамын. Үш жыл көлемінде қатысамын

Сайыс өскелең ұрпақ арасында қазақтың ұлттық ойынын насихаттауға үлес қосты. Үздік ойыншылар облыс намысын республикалық сайыстарда қорғайтын болады.

Жұлдыз Қабылденова