Павлодарда екі күн бойы із- түссіз жоғалып кеткен 7 жастағы қыздың мәйіті табылды. Оны өлтірді деген күдікпен қыздың анасы оның танысы тұтқындалды. Полиция департаментінің мәліметінше, анасы қызын өлтіргенін мойындаған.

Сұмдық оқиға Екібастұз ауылдық аймағының Бесқауға ауылында болған. Қызының жоғалып кеткені туралы хабарды полицияға анасы берген. Бірақ, екі күннен бері оны тәртіп сақшылары мен еріктілер іздеп таба алмады. Тек кеше кешкісін ғана қыздың мәйіті табылды. Ал оны өлтірді деген күдікпен анасы мен оның танысы тұтқындалды.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары:

Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Оқиға орнында облыстық ПД, прокуратура және әкімдіктің басшылығы, сондай-ақ мамандандырылған топ жұмыс істеп жатыр

Әзірге анасының не үшін қызын өлімге қиғаны белгісіз. Полиция істің ақ қарасын анықтап жатыр. Десе де, анасы қылмысын жасырмақ болса керек. Ол еріктілерге қызының тәртіпсіз екенін айтқан.

Марқұм қыздың анасы:

Мен оны қатты ұрып соқпаймын. Бірақ, ұрысам. Жазалаймын. Өйткені, айтқанымды мүлде тыңдамайды.

Іздеу жұмыстарына тікұшақта жұмылдырылды. Түгел күш құрылымдары аяғынан тік тұрды. Алайда, оны тірі табу мүмкін болмады. Ал әкесі қызы жоғалған сәтте жұмыста болған.

Александр Колчин, марқұм қыздың әкесі:

Олар демалыс күні маған келмек болған. Мен жұмыста едім. Маған звандап Милана саған келген жоқ па деп сұрады. Жоқ деп едім. Олар іздеп таба алмай жатқанын айтты. Қалай жоғалып кетті деп ем. Аулада ойнап жүріп жоғалып кеткенін айтты. Содан іздеуге шықтым. Таба алмадым.

Ал марқұм өзінен үлкен бір ағасы мен бауыры бар. Олардың тағдыры әзірге не болары белгісіз.