Қинаш Алдажаровты еске алу шахмат жарысы мәресіне жетті
Павлодарда «Қинаш Алдажаров мемориалы» атты жыл сайынғы шахмат фестивалі өтті. Жарысқа жүзден аса қатысушы жиналып, түрлі санаттың үздіктерін анықтады. Толығырақ әріптесім жалғастырады.
Қинаш Алдажаров өмір бойы ұстаз болып, физика және математика пәндерінен сабақ берген. Халық ағарту ісінің үздігі білім берумен қатар, балалар спортының дамуына үлес қосқан. Оның құрметіне өткізілетін шахмат фестивалі үшін биыл – ерекше жыл, өйткені аталған дода жиырмасыншы мәрте жалауын желбіретті.
Жарыстың салтанатты ашылуына Қинаш Алдажаровтың отбасы, жақындары және көзін көрген замандастары қатысты. Олар естеліктерді бөлісіп, бәсекеге қатысушыларға сәттілік тіледі. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген 90-нан астам оқушы осы жарыста бақтарын сынады.
Бұл фестиваль жас өрендердің ғана емес, тәжірибелі ардагерлердің де басын қосты.
Турнир қорытындысы бойынша 11 санат бойынша сайысқа түскендер арасынан 33 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды. Үздіктерге арнайы медальдар мен грамоталар табысталды, сондай-ақ Қинаш Алдажаровтың отбасы тарапынан ақшалай сыйлықтар берілді.
Жұлдыз Қабылденова