Негізгі Жаңалықтар Көкпардан ел чемпионаты Павлодарда өтуде

Көкпардан ел чемпионаты Павлодарда өтуде

Павлодарда жастар арасындағы көкпардан жиырмасыншы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Ұлттық спортты ұлықтаған дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген 14 команда қатысуда. Бес күнге жоспарланған жарыс барысында жас шабандоздар өзара мықтыны анықтайды.


Көкпар - қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Бүгінде бұл спортқа жастардың қызығушылығы артып келеді. Павлодар облысында да көкпарды дамытуға ерекше мән берілуде. Жарыстың ашылу рәсімі «Ертіс-Павлодар» атшабарында өтті. Салтанатты шараға спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар, спортшылар мен жанкүйерлер қатысты.

Сәкен Сейітханұлы, республикалық көкпар федерациясының ресми өкілі 

Айта кету керек, жыл өткен сайын біздің көкпар спорты дамып келе жатыр. Бүгінгі алғашқы екі ойынды көрдік. Алдағы уақытта ойындар жалғасын таба береді. Қазіргі уақытта командалар деңгейлес, тыңғылықты дайындалып келген. Жалпы бұл чемпионат жылына бір лет өтетіндіктен, әрине қай команда болмасын, чемпион атануға барын салады. Жастар арасында Қазақстан чемпионаты 2006-2008 жылғы азаматтардан құралады, жалпы айтқанда 18 бен 20 жас аралығындағы жігіттер. Бұл жігіттер өте білікті, шебер, жасөспірімдер арасында шапқан жігіттер, бұлардан әрине алдағы уақытта ұлттық құраманың негізі құралады. Бір командада 12 адамнан болады, алаңда төртеуі өнер көрсетеді. Қалғандары ауыспалы түрде ойнай береді. Төрт-төрттен шығып отырады алаңға. 

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар чемпионатта жоғары нәтиже көрсетуге ниетті. Жарысқа қатысушылар үшін бұл тек бәсеке емес, тәжірибе жинап, кәсіби деңгейін көтеруге берілген мүмкіндік. Өскеменнен келген көкпаршылар да бала кезінен ат үстінде шынығып келеді. Бұған дейін бірнеше ірі додаға қатысып, жарыс алаңында өз шеберліктерін танытып үлгерген.

Алдияр Советхан, қатысушы 

Осы чемпионатты тостық, дайындалдық. Жігіттермен қосылып тренировка жасадық атпен, таңертен жүгіріп отырдық. Өзіміз команда құрып, келдік. 

Бекайдар Ақмадиев, қатысушы 

Тоғызыншы сыныптан бері айналысып келе жатырмыз. Атадан келе жатқан ойын ғой, ата-бабаларымыздың ізін жалғастырып ойнап келе жатырмыз. Көкпар ойнау үшін біріншіден жүрек керек қой. Көкпар ойнағанда рух болу керек, мықты білегің болу керек. Бұл негізі азарт қой. 

Жарыс алаңындағы тартыс қызу. Әр команда жеңіс үшін барын салуда. Ал жас спортшылар үшін ел чемпионатына қатысу үлкен додада өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашады. 

Рахман Бекмахамбет, қатысушы 

Көкпар ұлттық спорт қанымызда бар. Қанымызда болғаннан кейін басқа спортқа тартпай, ұлттық спортқа тартады. 

ХХ Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша үздік командалар мен жекелеген спортшылар анықталады. Ұлттық спортты дәріптеген дода алдағы уақытта өз мәресіне жетеді.


Сабина Жолдаспаева 


Бөлісу