Негізгі Жаңалықтар Ертіс өзенінің балық қоры артты

Ертіс өзенінің балық қоры артты

Өңірімізде өткен «Ертіс – достық өзені, даму өзені» халықаралық форумы аясында делегация мүшелері теплоходпен өзен бойында экспедиция жасады. Қонақтар Павлодардың Ертіс жағасындағы көрінісін тамашалады. Өзен портын, жағалау аумағын және қала келбетін толықтыратын жаңа көпірді көрді. 


Сапар барысында өзеннің бүгінгі тынысымен қатар, оны дамытуға бағытталған жұмыстар да таныстырылды. Форум аясындағы шаралар экология мәселесін де қамтыды. Соның бірі Ертіс өзеніне балық жіберу акциясы. Бұл өзендегі балық қорын көбейтуге бағытталған жұмыстардың бір бөлігі. 

Сағын Төлеутаев, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы

Павлодар облысының әкімдігі жыл сайын табиғатты қорғау мақсатында Ертіс өзеніне балық жібереді. Бұл жұмыстар өзенмен ғана шектелмейді. Өңірдегі тұйық көлдер мен басқа да су айдындарына балық жіберу шаралары жүргізіледі. Биыл бұл жұмыс халықаралық форумға орай ұйымдастырылып, екі ел арасындағы достыққа арналды. Бүгін көршілес өңірлердің басшыларының қатысуымен осы акцияны өткізіп отырмыз. Ертіс өзеніне салмағы екі келіден асатын 5 мыңнан астам бекіре жіберіледі. Былтыр өзенге салмағы 20-30 грамм болатын 80 мыңға жуық балық жіберілген еді. 

Биыл өзенге жіберілген балықтардың көлемі де, жасы да былтырғыдан өзгеше. Мамандар ірі балықтарды таңдаған. Себебі олар табиғи ортаға тезірек бейімделіп, өзендегі тіршілігін жалғастыруға қабілетті.

Сағын Төлеутаев, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы

Соңғы үш жылда Ертіс өзеніне 200 мыңнан астам балық жіберілді. Олардың арасында тұқы мен бекіре бар. 2024 жылы Павлодар облысында өзенге 50 мың дана тұқылар мен бекіре жіберілді. Бүгінде облыста балық шаруашылығын дамыту бағытында 27 шаруашылық жұмыс істейді.

Ертіс – өңірдің ғана емес, бірнеше елді байланыстыратын маңызды өзен. Сондықтан оның табиғи байлығын сақтау ортақ міндет. Балық қорын толықтыруға бағытталған мұндай жұмыстар өзен экожүйесін сақтауға және су биоресурстарын көбейтуге мүмкіндік береді. 


Сабина Жолдаспаева 





Бөлісу