Ертіс өзенінің көлік-логистикалық әлеуеті талқыланды
Павлодардан Қытайға дейін Ертіс өзені арқылы жүк тасымалдануы мүмкін. Бұл туралы жүз елуден аса қатысушының басын қосқан «Ертіс – достық өзені, даму өзені» халықаралық форумында айтылды. Қазақстан мен Ресей сарапшылары Ертістің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, өзен арқылы жүк тасымалын дамыту мәселелерін талқылады.
Жүктердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін өзен, теміржол және автокөлік логистикасын өзара ұштастыру ұсынылып отыр. Бұл ретте Павлодарда контейнерлік терминал ашып, жүктерді қабылдайтын, сақтайтын және әрі қарай әртүрлі бағытқа жөнелтетін мультимодальды хаб құру көзделуде. Бұл логистикалық торап өңірді ірі сауда нарықтарымен байланыстыратын маңызды көпірге айналуы мүмкін.
Тимур Ахметов, «Павлодар өзен порты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары – техникалық директоры
Мультимодальды хабты ұйымдастыру бойынша идеямыз мынадай: оң жағалауда бұрыннан бар аумақты контейнер сақтайтын орын ретінде қайта құруды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа Қытайдан арнайы заманауи жабдықтар сатып алу үшін өз қаражатымызды құюға дайынбыз.
Бұл жоспарлар әлі де тиянақты есеп-қисапты қажет етеді. Десе де басты мақсат айқын: Ертісті жай ғана табиғи шекара емес, өңірлер мен мемлекеттерді жалғайтын күретамырға айналдыру. Егер осы бастамалар қолдау тауып, жалғасса, өзен жолы өңіріміздің сауда әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Жұлдыз Қабылденова