Негізгі Жаңалықтар Облыстық ауруханада көздің қасаң қабығы ауыстырылды

Облыстық ауруханада көздің қасаң қабығы ауыстырылды

Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада қайтыс болғаннан кейінгі донордың көз қабығын емделушіге салу отасы биыл қолға алынды. Бұл – көру қабілетінен айырылып бара жатқан жандар үшін жарық дүниені қайта көруге берілген зор мүмкіндік. 


Аурухананың офтальмологиялық орталығы Еуропа мен АҚШ-та жасалған премиум санаттағы жабдықтармен толықтай қамтылған. Витреоретинальды хирургия технологиялары енгізілді, соның ішінде витрэктомия, лазерлік және дәрілік емдеу әдістері, глаукома операциялары жасалуда. Биыл мұнда көз қабығын ауыстыру отасы жасала бастады. Бұл істі сәтті жүзеге асыру үшін жергілікті дәрігерлер шетелде арнайы оқудан өтіп келген.

Анастасия Сулейманова, Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының офтальмолог-дәрігері

Біз емделушілеріміз үшін озық құрал-жабдықтарды алдырдық. Сонымен қатар дәрігерлеріміз Ресей, Беларусь және Өзбекстанда арнайы оқудан өтіп, шеберліктерін шыңдады. Нәтижесінде, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып бұл отаны жасауға лицензия алып, емделушілердің тізімін құрдық.

Емделуші көзінің қасаң қабығын ауыстыру бойынша алғашқы екі ота қаңтарда жасалса, наурызда тағы үш адамға АҚШ-тан әкелінген донорлық материал салынды. Олардың бірі – Қайрат Тоғаев отаға дейін көз алды тұманданып, дұрыс көрмегенін айтады.

Қайрат Тоғаев, Павлодар қаласының тұрғыны

Көзімнің нұрлы қабығының дистрофиясы студент кезімде пайда болды. Сол уақытта мен көзілдірік кие бастадым, бірақ жыл өткен сайын жағдайым нашарлап, ақыры көлік айдаудан да қалдым. Қазір көзім әлдеқайда жақсы көреді. Бұрын бәрі бозарыңқы, күңгірт болушы еді, қазір өмірдің түрлі түсін қайтадан көріп жатырмын». 

Өкініштісі – Қазақстанда кератопластикаға мұқтаж қасаң қабық патологиясы бар науқастар саны өте көп. Қазір аурухананың офтальмология орталығында қасаң қабықты трансплантациялауға кезекте 23 адам тұр. Операцияны қажет ету себептері әртүрлі: операциядан кейінгі асқынулар, қабыну аурулары, туа біткен патологиялар және жарақаттар. Сонымен қатар, қазір Қазақстандағы қасаң қабықты трансплантациялау тек қайтыс болған донорлардың болуына байланысты.

Анастасия Сулейманова, Ғ. Сұлтанов атындағы павлодар облыстық ауруханасының офтальмолог-дәрігері

Мен бұл өте жақсы іс екенін айтқым келеді. Ағзаны бері, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беріп, себебі бұл көптеген адамдардың өмірін сақтап қала алады, көптеген адамдарға көру қабілетін бере алады, сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ.

Облыстық аурухананың офтальмологтары бұл отаны өз бетінше жасай алатын деңгейге жетті. Бұл – өңірлік медицинаның зор жетістігі әрі тұрғындардың алысқа бармай, өз қаласында ем алуына ашылған жол.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу