Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты
Павлодарда Ұлттық ұланның жас сарбаздарын қарсы алу шарасы өтті. Ақмола облысынан келген 30-ға жуық әскерге шақырылушы 5512 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Алдағы уақытта мұнда еліміздің әр өңірінен тағы 200-ге жуық жас сарбаз қабылданады.
Музыка, құттықтау және дәстүрлі шашу. Павлодар теміржол вокзалында отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздар құрметпен қарсы алынды. Олар үшін бұл өмірдің жаңа кезеңі. Алда Ұлттық ұлан қатарындағы бір жылдық әскери қызмет тұр.
Байрам Әлиев, №5512 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары
Бүгін әскери бөліміміз үшін ерекше күндердің бірі. Ақмола облысынан келген 30 жас сарбазды қарсы алып отырмыз. 5512 әскери бөлімінің оқу пунктіне еліміздің әр өңірінен барлығы 193 жас сарбаз келеді деп жоспарланған. Ұлттық ұландағы әскери қызмет абыройлы міндет. Сарбаздар мұнда қоғамдық тәртіпті сақтау негіздерін меңгереді. Павлодар қаласының көшелерінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысады. Сондай-ақ еліміздің басқа қалаларында өтетін республикалық деңгейдегі іс-шараларға да жұмылдырылады. Жас сарбаздар біздің әскери бөлімде бір жыл қызмет етеді.
Сарбаздар мұнда әскери қызметтің негізгі тәртібін меңгеріп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындықтан өтеді. Жаңадан келгендердің басым бөлігі 18 жастағы мектеп және колледж түлектері. Арасында 23-24 жастағы, жоғары білім алып үлгерген азаматтар да бар.
Артём Гончаров, әскерге шақырылушы
Өз қалауыммен келдім. Отан алдындағы борышымды өтеуім керек деп ойлаймын. Ата-анам да «жарайсың, осылай жалғастыр» деп қолдау көрсетті.
Батыржан Ибраш, әскерге шақырылушы
Иә, өз еркімен келдім. Әсер өте жақсы. Бізді жақсы шарамен қарсы алды. Қатты ұнады. Мен колледж бітірдім. Отан алдындағы борышын өтеу әр азаматтың міндеті деп санаймын. Себебі өзім де өз еркіммен келіп тұрмын.
Жас сарбаздарға қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қолдау көрсетеді. «Нұр-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігі 5512 және 6679 әскери бөлімдерімен бірлесіп жұмыс істейді. Ұйым мүшелері сарбаздарды қарсы алуға қатысып, ант қабылдау рәсімдеріне қатысады. Сондай-ақ олардың ата-аналарымен тұрақты байланыс орнатады.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, әскери қызметке келген кезде мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде білмейтін сарбаздар бір жыл ішінде қазақ тілінің бастапқы деңгейін меңгеріп шығады. Енді жас сарбаздар оқу-жаттығудан өтіп, әскери тәртіпке бейімделеді. Дайындықтан кейін қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттеріне кіріседі.
Сабина Жолдаспаева