Ертіс – достық өзені, даму өзені
Павлодарда «Ертіс – достық өзені, даму өзені» атты халықаралық форум өтті. Павлодар және Ресей Федерациясының Омбы облыстарының өкілдері көлік байланыстарын дамыту, жаңа бизнес жобалар және мәдени ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ертістің көлік дәлізі ретіндегі әлеуетіне және өңірлер арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ерекше назар аударылды.
Форум Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанин ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Қазақ ғалымы мен орыс географының Омбыда танысуы екі елдің ортақ тарихындағы маңызды беттердің біріне айналды. Потанин өз еңбектерінде Уәлиханов туралы бірнеше рет жазып, оның зерек ойы, ерекше қабілеті мен ақжарқын мінезін атап өткен.
Рәсімге Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының, Абай облысының әкімдері, Омбы облысының губернаторы, дипломаттар, зиялы қауым және қоғам өкілдері қатысты. Алғашқылардың бірі болып гүл шоқтарын Асаин Байханов пен Виталий Хоценко қойды.
Форум аясында ұйымдастырылған көрмеге шағын және орта бизнестің 70-тен астам субъектісі мен 40 ірі кәсіпорын қатысты. Қонақтарға өңірдің жетекші өндіріс орындары, заманауи технологиялар мен жабдықтар таныстырылды. Өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына және инвестиция үшін перспективалы бағыттарға ерекше көңіл бөлінді.
Форумның негізгі алаңы – екі өңірдің басшылары мен дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өткен пленарлық отырыс болды. Павлодар облысы шекара маңы ынтымақтастығында маңызды рөл атқарады: Ресеймен шекарасының ұзындығы 700 шақырымнан асады. Сонымен қатар өңір Қазақстан, Ресей және Қытайдың көлік бағыттарын байланыстырады.
Ресей Павлодар облысының сыртқы саудадағы негізгі серіктестерінің бірі болып қала береді. Өткен жылы тауар айналымы 1,6 миллиард долларға жетсе, биылғы алғашқы алты айда 720 миллион долларды құрады.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
«Біздің алдымызда нақты міндет тұр – заманауи көлік-логистикалық кластер қалыптастыру. Жақында ғана еліміздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумында: «Әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлықтық шекараға ие Қазақстан мен Ресейге Еуразия құрлығының көлік-логистикалық архитектурасын дамытуда жетекші рөл атқару Жаратқанның жазуымен бұйырған», – деп атап өтті. Бұл Павлодар облысы үшін аса өзекті»
Отырыста Асайын Байханов өңірдің өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін атап өтті. Қазақстандағы электр энергиясының 42 пайызы, көмірдің 60 пайызы, ферроқорытпалардың 56 пайызы, отынның 32 пайызы Павлодар облысының үлесіне тиеді. Сондай-ақ алюминий өндірісінің толық көлемі осы өңірде жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығында да облыс республика көлеміндегі қарақұмық, картоп, сәбіз және күнбағыс өндірісінің елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Әкімнің айтуынша, бұл бағыттарды одан әрі дамыту үшін көлік инфрақұрылымы мен логистиканы жетілдіру қажет. Омбы тарапы да осы пікірде.
Николай Дрофа, Омбы облысы ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі министрі
«Менің ойымша, бұл автожолдарға, жүк түсімі жоғары теміржолға түсетін салмақты айтарлықтай азайтады. Сондықтан су ресурстарын пайдалану қажет. Бүгінгі міндет – инфрақұрылымды қалыптастыру, Ертістің қай учаскелерінде қандай тереңдік бар екенін анықтау. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді көлемдегі жүктерді тасымалдауға мүмкіндік беруі тиіс»
Омбы облысының губернаторының айтуынша, бірнеше кәсіпорын Павлодар облысының аумағына шығу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Инвесторларды, атап айтқанда, қолайлы жағдайлар мен өңірде жүзеге асыруға болатын перспективалы бизнес шешімдері қызықтырады. Сонымен қатар Ресей тарапы қазақстандық бизнестің Омбы нарығындағы белсенділігіне де үміт артып отыр.
Виталий Хоценко, Омбы облысының губернаторы
«Бүгін біз құрметті әкіммен және оның командасымен бірге өнеркәсіп көрмесін араладық. Сол жерде бірден бірнеше идея пайда болды. Балық аулау мен аңшылыққа арналған түрлі өнімдер шығаратын Омбы компаниясы өндірісін осында, Павлодар облысында орналастыруға қызығушылық танытып отыр. Павлодар облысында полимер шикізатының арзан әрі қолжетімді болуы бұл жобаны қызықты етуі мүмкін»
Осындай жобалардың бірі – Қазақстандағы алғашқы экстрадозды көпірдің құрылысы. Ол аяқталғаннан кейін Астана мен Омбы арасындағы жол шамамен 60 шақырымға қысқарады. Қазір көлік Павлодарды айналып өтуге мәжбүр. Жаңа бағыт жеткізу уақытын қысқартып, логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Тараптар Павлодар мен Омбы арасында әуе қатынасын ашу мүмкіндігін де талқылап жатыр. Тағы бір бағыт – Ертіс өзені арқылы кеме қатынасын дамыту. Павлодар облысында қазірдің өзінде өзен арнасын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
«Мақсат біреу – экономикалық саладағы ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту. Бірақ өздеріңіз білетіндей, экономика әлеуметтік саламен, туризммен, экологиямен және басқа да бағыттардың барлығымен тығыз байланысты. Сондықтан, менің ойымша, бұл бағыттардың барлығы өзара сабақтас түрде дамиды»
Ертісті көлік артериясы ретінде дамыту Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысы үшін де маңызды. Ертістің жоғарғы ағысының жекелеген учаскелерінде қазірдің өзінде жүк тасымалы жүзеге асырылуда. Шығыс Қазақстан облысында Зайсан көліндегі Тұғыл ауылында өзен портын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Болашақта ол өзен, автомобиль және теміржол көлігін біріктіруі мүмкін. Әзірге жоба пысықталу кезеңінде.
Тағы бір ұсыныс – Ертістің цифрлық паспортын жасау. Бірыңғай жүйеге өзеннің әртүрлі учаскелері туралы мәліметтер жинақталып, оларды шешім қабылдау кезінде пайдалану жоспарланып отыр. Тараптар мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы да уағдаласты. Павлодар облысының мәдениет және архивтер басқармасы мен Омбы облысының мәдениет министрлігі меморандумға қол қойды. Жақын арада павлодарлық өнерпаздар Омбыға гастрольдік сапармен барады. Ал Ресейдің шығармашылық ұжымдарын келесі жылы Павлодар облысында қабылдау жоспарланып отыр.