Астана қаласындағы «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығында «World Skills Kazakhstan -2023» атты республикалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған байқауда облысымыздағы Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенттері қатысып, жеңіспен оралды.Толығырақ алдағы сюжетте.

Аталмыш байқау техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы айтулы шара. Мақсаты – жас мамандардың кәсіби шеберліктерін арттырып, шығармашылық қабілеттерін қолдау. Сегізінші рет ұйымдастырылған чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам студент пен сарапшы қатысты. Олар мейрамхана ісі, кондитер, құрылыс сияқты кәсіп түрлерінен өз шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде, Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенттері Артур Лейман алтын медаль, ал Роза Зейнулова қола жүлдеге ие болды. Артур Лейманды байқауға облыстың бас эксперт маманы Альмира Садриденова дайындады.

Алымира Садриденова, техника ғылымдарының магистрі, эксперт:

Біз «World Skills Kazakhstan -2023» республикалық чемпионатынан оралдық. Онда мейрамхана ісі бойынша жүлделі бірінші орынды иелендік. Екінші жыл қатарынан алып келеміз. Енді біздің жеңімпазымыз Артур World Skills чемпионатының әлемдік кезеңінің іріктеуіне жолдама алды. Байқауға ұзақ уақыт, бар күшімізді салып дайындалдық. Бұл ең қиын процесттің бірі, бірақ нәтижеміз жоғары. Мейрамхана ісі бойынша нені көрсететінімізді ойластырдық және бұған жыл сайын әлеуметтік қолдау көрсететін серіктестеріміз бар, байқауға қатысушыларды бірге дайындаймыз. Осы орайда серіктестерге алғыс білдіремін

Артур Лейман байқауда майлық бүктеудің әртүрлі тәсілдерін көрсеткен. Ендігі кезекте жас студент іріктеуден сүрінбей өтсе, 2024 жылы Францияның Леон қаласында өтетін әлемдік чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алады.

Колледжде ұйымдастырылған шара барысында жеңімпаздар мен оларды дайындағандарға ақшалай сертификат және әлеуметтік қолдау көрсеткен серіктестерге алғыс хат табысталды.

Қымбат Садық