Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік шаралар өңір кәсіпкерлерін кеңінен қамтып отыр. Былтыр 39,1 млрд теңге болатын 637 жаңа жоба бойынша субсидиялау келісімшарттарына қол қойылған. Мемлекет ұсынған мүмкіндік арқылы қандай кәсіп түрі дамып жатыр? Алдағы сюжетте.

«Baitaq» жиһаз жасаушы өндірісі кәсібін 2022 жылы құрған. Мұнда жиһаз құрастыру кәсібі үшін барлық жағдай жасалған. Ағаш өңдеу станогі, электр құралдары, тегістеу және тігін машинасының түр-түрі бар. Компания аптасына 70-90 диван жасайды. Бұдан бөлек өндіріс тауары өзге өңірлерде сұранысқа ие. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қорынан 37,6%-дық кепілдік алған.

Ал «СНН» фирмасы 1998 жылдан бері машина жасау, металлургия саласына арналған түрлі бұйым әзірлейді. 2017 жылы түрлі-түсті металлдардан жасалған бұйымдар өндірісі және "Frech" маркалы неміс технологиялық желісін сатып алу мақсатында қаржыландырылған. Ал биметалды жылыту радиаторларын өндіру жобасы 2022 жылдың желтоқсанында іске қосылған.

Бүгінде кәсіпорын зертханасы заманауи құралдармен жабдықталған. Оның құрамында механикалық сынау және химиялық талдау зертханасы, балқыту кезінде металдардың химиялық құрамын жедел анықтауға арналған зертхана, өзекті және қалыптау қоспаларын талдауға арналған зертхана бар. Кәсіпорын елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелде де сұранысқа ие. Жалпы, өткен жылы аймақ бойынша 11,3 млрд теңге субсидия төленген. Несие сомасы 23 млрд теңгеден асатын 267 кепілдікке қол қойылды.

Ақмаржан ҚАЛЫМБЕК, Медет КӘРІМ ЕА