Облыс орталығындағы Әскери Даңқ музейі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылды. Музей қоры жәдігерлермен толығып, экспозициялары жаңартылды. Толығырақ оның қазіргі жай-күйімен танысып қайтқан тілшіміз тарқатады.

Әскери даңқ музейінде қазақ халқының батырлық салтының көрінісі болатын жәдігерлер жинақталған.

ТАЛҒАТ АДАМОВ, ӘСКЕРИ ДАҢҚ МУЗЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ

Бұл ғимараттың негізі 1926 жылы сапаржайдың күту залы ретінде қаланған. Жобаның авторы эстон инженері Ломбак болды. Ал заманауи келбеттегі мұражай 2010 жылы салынып, 2011 жылы ашылды. Былтыр жөндеу жүргізіліп, міне, музей қала тұрғындары мен қонақтарға есігін қайта ашты. Тематика Отанымызды жау шабуылдарынан қорғаған ата-бабаларымыздың әскери даңқына арналған.

Музей ғимаратындағы заттар ежелгі дәуірден бастап, қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтиды. Онда қимақ қағанаты, қазақ хандығы, ұлт-азаттық көтеріліс жылдарындағы жауынгерлік жабдықтар мен қару-жарақтар бар. Сондай-ақ Ұлы Жеңіске жеткізген батырлар мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған стендтерде құнды жәдігерлер қойылған.

ТАЛҒАТ АДАМОВ, ӘСКЕРИ ДАҢҚ МУЗЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ

Музейдегі экспозициялар 7-ғасырдан бастау алады. Ол уақытта Моңғолияның батысынан Қазақстанның шығысына қоныс аударған. Қимақ қағанатының астаналарының бірі Ертіс өзені бойындағы Имақия қаласы, екіншісі – Алакөл бойындағы Карантия қаласы. Қимақ тайпалары көршілес елдермен жиі соғысқан. Сондықтан жаңадан орнатылған қабырғадағы суретте толық әскери жабдықтағы жауынгерлерді көре аласыздар.Қазақ хандығы кезеңінде батырларымыз қатысқан үлкен шайқастардың бірі – Аңырақай. Сондықтан тарихтағы беделді қолбасшы хандар мен батырларға арналған стенд те орнатылды.

Биыл кеңес одағының батыры, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың дүниеге келгеніне – 100 жыл. Сондай-ақ кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына – 35 жыл. Осыған орай музей бірнеше арнайы көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

ЖҰЛДЫЗ ҚАБЫЛДЕНОВА, ЕВГЕНИЙ ОЛЕЙНИК, ЕА