Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне орай «Отбасы – тәрбие іргетасы» фестивалінің финалы өтті. Шара «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылды. Фестивальге қала мектептері мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Онда олар өздерінің ұлттық дәстүрі мен отбасылық құндылықтарын таныстырды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірде тұратын түрлі этностардың мәдениетін дамыту, олардың салт-дәстүрін ұлықтау және ұлттық тәрбиені насихаттау. Шара барысында қатысушылар тәрбиелік дәстүрде сахналық көріністерді ән мен би арқылы көпшілікке таныстырды. Бұл фестиваль ұлттар арасындағы бірлікті, татулық пен өзара құрметті нығайтуға бағытталды.
45 мектептің арасынан іріктеліп алынған 8 үздік мектеп пен бір орта білім беру колледжі қатысты. Олар өздерінің шығармашылық қабілеттерін, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін көріністер мен өнер нөмірлері арқылы көпшілік назарына ұсынды.
Шара соңында жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Айта кетсек, фестивальдің бас жүлдесі №36 орта мектеп ұжымының еншісіне бұйырды.
Салтанат Бауыржанқызы