Тақырыпты жалғастыра келе, аталған мерекеге орай біз облыс орталығындағы «Ардагерлер үйі» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болдық. Осында еңбек етіп жүрген әлеуметтік қызметкердің бір күндік жұмысымен таныстық. Бүгінгі кейіпкеріміз –Динара Құсманова. Ол күн сайын көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беріп, өмірлерін жеңілдетуге үлес қосып жүр.
Динара Құсманова таңертең «Ардагерлер үйіне» барады. Мұнда тұратын зейнеткерлерге барып, көмек қолын созады. Құжаттарын реттеп, асханамен байланысып, тұрғындардың барлық қажеттілігін қадағалайды. Бұл оның күнделікті жұмысы.
Динара Құсманова, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман
Біздің жұмыс таңғы 8:30дан басталады. Келген зейнеткерлерді, мүгедектегі бар жандарды қарсы аламыз. Содан кейін оларды белгілейміз. Сосын тамаққа заявка береміз. Бізде 3 мезгіл тамақ ішеді олар. Сағат 9да, 12 жарымда, 3те полдник. Кешкі ас бар сағат 6да. Олардың құжаттарын реттейміз. Келген кезде олардың куәліктерін, зейнетке шыққан құжатын, мүгедектегі бар жандардың медкарталарын дәрігерлерге береміз.
Бүгінде Ардагерлер үйінде 76 адам тұрады. Оның 35-і – мүгедектігі бар жандар. Сондай-ақ, күндізгі бөлімге келетіндерге де оңалту және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Динара өз жұмысын жүрек қалауымен таңдаған. Ол үшін бұл – жай қызмет емес, өмірлік ұстаным.
Динара Құсманова, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман
Өзіме осы мамандық ұнайды. Көбінесе осы жерде үлкен адамдар, өзіміздің ата-әжелереміз сияқты. Мүгедектігі бар жандарға бір-бірімен қарым-қатынас жетіспейді. Олар мында өздерінің әңгімелерін айтады. Әр адамға көбінесе адамдармен байланыс жетіспейді. Жай қалдарын білсе, олар мәз болып қалады.
Әлеуметтік қызметкердің басты міндеті мейірім мен қамқорлық. Динара Құсманова үшін ең үлкен марапат – қарттардың алғысы мен жылы күлкісі. Осындай сабырлы да жауапты мамандардың еңбегі қоғам үшін ерекше маңызды.
Сабина Жолдаспаева