Екібастұзда жаңа алып өндіріс кешені іске қосылды. Құны 30 млрд теңгеден асатын өнеркәсіп, 300 ге жуық жұмыс орнына ашты. Жаңа ферроқорытпа зауыты жылына 60 тонна өнім шығаруды көздеп отыр. Жоба «Даму» қоры мен облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған.
Жаңа кәсіпорын экономиканың жаңа тынысы. Республика күні қарсаңында ашылған жаңа кешен барша елдің қуанышы мен игілігі деді аймақ басшысы.
Ал, инвестор компания басшысы Қайрат Нүкенов қолдау көрсеткендердің баршасына алғыс білдіріп, облыс дамуы жолында еңбек етеміз деді.
Қайрат Нүкенов, жоба инвесторы
Зауыт қысқа уақыт ішінде салынды. Бұл әр түрлі мүдделі мекемелердің уақыты, жан-жақты қолдауының арқасында болды. Баршаңызға алғыс айта келіп, компаниямыз облыстың дамуына айрықша үлес қосатындығын айтқым келеді. Жобаны іске асыру жұмысшы мамандықтар жылымен сәйкес келді. Біз Президентіміздің еңбек сүйгіштік идеясын әрмен қарай жалғастырамыз.
Бұл зауыт – үш ірі кәсіпорынның алғашқысы. Жоба толық іске асқанда, Қазақстан ферроқорытпа өндірісі көлемі бойынша әлемде екінші орынға шығуға мүмкіндік алады. Жаңа кәсіпорында металлургия саласында тәжірибесі бар білікті мамандар жұмыс істейді. Бұл өндірістік қабілетті арттырып қана қоймай, жергілікті мамандардың кәсіби дамуы мен білім деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Биыл өңірде отыздан астам ірі жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың барлығы павлодарлықтардың әл-ауқатын арттыру мен облыс экономикасын дамытуға бағытталған.