25 қазан – Республика күні. Бұл мереке ел тәуелсіздігін, жетістіктері мен жаңа Қазақстанның дамуын айшықтайды. Егемендік жылдарында өңірімізде көптеген заманауи нысандар бой көтерді. Солардың бірі – Усолка мөлтек ауданында орналасқан «Ertis Olympic» спорт кешені. Заманауи талапқа сай салынған бұл бассейн бүгінде облыс тұрғындарының мақтанышына айналды.
Олимпиадалық деңгейге сай салынған бұл нысан еліміздегі ең ірі бассейндердің қатарына кіреді. Бассейнде 17 жаттықтырушы жұмыс істейді. Көрермендерге арналған 300 орындық зал бар. Бассейннің ұзындығы – 50 метр, ені – 25 метр, тереңдігі – 2 метрді құрайды. Он жолақ қарастырылған. Бұл жерде түрлі деңгейдегі жарыстар жиі өтеді. Қала тұрғындары мен кәсіби спортшылар өз дайындықтарын осында өткізеді.
Нұрбол Тұмарбеков, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Жүзу бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» КМҚК басшысы
Біздің бассейнге сұраныс та, жаттығуға сұраныс, жарыстар өткізуге ұсыныстар көп түседі. Біздің мектепте жалпы штатымыз 66 адам қызмет етеді. Оның ішінде техникалық қызметтер көрсететін, қауіпсіздік шараларын көрсететін инстуктарымыз бар. Бұл бассейіннің көлемі 2600 куб су болғандықтан, қарап күту де оңай емес. Оны автоматты түрде қарастырып отыратын хлоратырларымыз және суды қарастыратын инженеріміз бар.
«Ertis Olympic» тек кәсіби спортшыларға ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді. Мұнда балаларға арналған арнайы спорт мектебі жұмыс істейді. Жыл сайын тамыз айында 7 мен 9 жас аралығындағы балалар емтихан арқылы қабылданады. Бұл – болашақ чемпиондардың алғашқы баспалдағы.
Нұрбол Тұмарбеков, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Жүзу бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» КМҚК басшысы
Қабылдау жалпы физикалық тұрғыдағы емтихан тапсырумен болады. Содан жоғары балл көрсеткен балаларды біз өзімізге іріктеп аламыз. Мысалы, биыл бізде 500 адам тапсырыс берді, соның 385ін қабылдап алдық. Олар оқу-жаттығу топтары және спорттық шеберлік топтары. Оқушылардын бөлек, халыққа қызмет етеміз. Сағат таңғы 11ден 2ге дейін. Кешкі сағат 7ден 9ға дейін қызмет етеміз.
Республика күні – елдің жетістігі мен дамуын айқындайтын мереке. «Ertis Olympic» спорт кешені – тәуелсіздік жылдарында салынған жаңа Қазақстанның айқын көрінісі. Бұл нысан жүздеген спортшыға жол ашып, мыңдаған тұрғынның денесін шынықтырды.
Сабина Жолдаспаева