Өңірімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық айлығы аясында «Таза аула» байқауы өтті. Бұл шараның мақсаты тұрғындарды өз ауласының тазалығына бейжай қарамауға шақырып, қаланың көркін арттыру. Байқау барысында көпқабатты үйлердің ауласы бағаланып, ең таза және ең әдемі безендірілген аула иелері анықталды.

Байқауға қала тұрғындары үлкен қызығушылық танытты. Барлығы 39 көпқабатты үйден өтінім түсті. Қатысушылар өз ауласын таза ұстап, гүл егіп, ағаш отырғызды. Олар кіреберістерін сырлап, орындықтар мен жарық шамдарын орнатқан.

Бахытгүл Базылова, Павлодар қаласы ТҮКШ бөлім басшысының орынбасары

Байқау 7 негізгі бағыт бойынша бағаланды. Атап айтқанда, аула аумағының тазалығы мен ұқыптылығы, хабарландыру тақтасының болуы, үйлердің кіреберіс есіктерінде рұқсатсыз жарнамалар мен қағаздардың болмауы, жарық шамдарының жұмыс істеуі, абаттандыру элементтерінің сақталуы және тұрғындардың жүргізген жөндеу жұмыстары ескерілді. Әр критерий бойынша 10 балдан берілді.

Қала тұрғындары байқауға жауапкершілікпен қарады. Әр аула ерекше етіп безендірілген. Бір жерде гүлзарлар жайқалса, екіншісінде жарық шамдары жаңартылған. Кейбір үйлердің тұрғындары кіреберіс төбелерін жөндеп шыққан.

Галина Бершауэр, Павлодар қаласының тұрғыны

Байқау туралы естігенде бірден қатысуға шешім қабылдадық. Себебі біздің аула тазалық пен тәртіпке сай келеді. Үйдің қасбеті сырланған, хабарландыру тақтасы бар, жаңа орындықтар қойылған. Биыл кіреберіс маңдайшаларын жөндедік. Жазда гүлдер егеміз, ал қыс мезгілінде ауламызды түрлі шамдармен безендіреміз. Жыл сайын үйімізді жақсартуға тырысамыз.

Байқау қорытындысы бойынша ең таза және үлгілі үш аула анықталды. Бірінші орынды – Катаев көшесі, 87 үйдің тұрғындары иеленді. Екінші орын – Камзин көшесі, 130/3 үйіне, ал үшінші орын – Камзин көшесі, 72 үйіне бұйырды. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталады.

Сабина Жолдаспаева