Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Майқайыңдағы апаттан көз жұмған екі құтқарушының отбасына барды. Оларға көңіл айтып, қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Аймақ басшысы алдымен марқұм Бердіхан Сарқыттың отбасына барды. Құтқарушының әкесі мен анасына және жұбайына көңіл айтты. Әңгіме барысында қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін жеткізді.
Бұдан кейін апаттан көз жұмған Олег Тышкевичтің де отбасына барып, көңіл айтты. Құтқарушының қызы Янаға әкесінің барлық қарызы мен несиесін жабуға кәсіпорын тарапынан көмек берілетін жеткізді. Аймақ басшысы бұл жұмыстарды өз бақылауына алмақ.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Сіз сақтандыру төлемдері бойынша қажетті құжаттарды рәсімдеңіз. Сосын маған бұл құжаттарды фотоға түсіріп, жіберіп отырыңыз. Жалпы құжат рәсімдеу процесінің қалай өтіп жатқаны туралы хабар берсеңіз. Мен өзім бақылап, қадағалап отырам. Біз уәде берген жұмысымыздың барлығын орындаймыз. Оған күмәніңіз болмасын. Облыс әкімі, Президенттің осы өңірдегі өкілі ретінде жауапгершілікті өзіме алам.
Ал жоғалған құтқарушылардың отбасына бұл төлемдер олардың денесі табылғаннан кейін немесе қайтыс болғаны расталған жағдайда төленбек. Бұдан бөлек асыраушысынан айырылуына байланысты да әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
Өзгеріс Қуанар