Өңірде жылыту маусымы басталғалы өрт оқиғалары жиілеген. Олардың басым бөлігі – тұрғын үйлерде болған. Өкінішке қарай қызыл жалын бірнеше адамның өмірін қиып кетті. Сол себепті өңір төтеншеліктері тілсіз жаудың алдын алу шараларын күшейткен.
Жылыту маусымы басталғалы бері өңір аумағындағы тұрғын үй секторында 60 өрт оқиғасы орын алған. Тілсіз жау 5 адамның өмірін жалмаған. Тағы 7 тұрғын әртүрлі сипаттағы жарақат алып, 2 адам көміртегі тотығымен уланды.
Бүгінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар және еріктілер бірлесіп тұрғын үй секторын, оның ішінде әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды, нақты айтқанда 115 мыңға жуық үйді аралап шыққан. Нәтижесінде 12703 бұзушылық анықталған. Аралау шеңберінде 20 мың 101 азаматқа тиісті нұсқау берілді. Қызыл жалын еліміздің ірі сауда орталықтарында да жиі орын алады. Таяуда Семейдегі сауда үйінің бірінде өрт шығып, салдарынан нысанның қанқасы ғана қалған. Аталған оқыс жағдайлардың алдын алу үшін өңірде сауда орталықтарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында ауқымды шаралар жоспарлануда.
Төтеншеліктер тұрғындардан қайғылы жағдайларға жол бермеу мақсатында өрт қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұрайды.
Ақмаржан Қалымбек