Қазақ поэзиясында өзіне тән қолтаңбасы бар қаламгер Арман Қаниды еске алу кеші өтті. Кешті Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі облыстық Ж.Аймауытов атындағы театр ұжымымен бірлесе ұйымдастырды. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Иә, «өмірге өте сирек еркелеген» алаш ардақтысы жасөспірім шағынан елдікті жырлаған Арман Қани еді. Ол тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Осы орайда, облыстық театр шаңырағында ардақты ақынды өлең-жырлары арқылы еске алу мақсатында «Ар ақыны Арман Қани» атты кеш өтті. Оған ақынның отбасы, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен жас ақындар қатысты. Шара барысында ақынның жарына құрмет көрсетілді. Күні кеше елордадағы ұлттық ғылым кітапханасында Арман Қанидың өлеңдері басылған «Таңдамалы» атты кітаптың тұсау кесері өтті. Алғаш рет республика көлемінде мүшәйрасы өтті.
МЕДЕТ ТАУАСҚАН, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ
Былтырдан бастап мүшәйралар ұйымдастырылып келе жатыр Арман Қани атындағы, биыл бұл мүшәйраны республика көлемінде бірінші рет өткіздік. Бұдан кейін де тоқтамақ емес, әрі қарай да аталып өте беретініне көзіміз жетті. Себебі, өңірде ағамызды жоқтаушылар, артынан іздеушілер жетіп артылады
Кеш барысында «Жас Толқын» атты қалалық жыр мүшәйрасының қорытындысы да жария болды. Байқауға 20-дан астам қатысушы қатысып, оның ішінде 4 жас ақын іріктеліп, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, ақынның жары мен қызы да қатысып, қайраткердің ғұмырын сағынышпен еске алды.
Еске алу кешінде оның бірнеше өлеңдері оқылса, жас ақындар өз арнау жырларын арнады. Ал музей қызметкерлері ақынның өмірі мен еңбек жолы туралы арнайы көрме ұйымдастырды.
ЕРБОЛ ҚАЙЫРОВ, БҰҚАР ЖЫРАУ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ
Бұл көрмеде Арман ағаның өзінің көзі тірісінде тапсырған заттары бар. Кейін ол кісі дүниеден өткеннен соң да алдық. Ол кісінің қолжазбалары, жеке заттары, киген киімдері мен марапаттары осы біздің музейде сақталып отыр. Бұл әлі бастамасы ғана. Кеше Астанадан бастау алса, бүгін жалғасын тауып жатыр. Алдағы уақытта да облыс бойынша, аудандарда биылғы мерейтой иелері туралы көрмелер өткізіп жатырмыз. Жақында ғана Екібастұз, Успен ауданында болдық. Дүйсенбі күні Железин, Ертіс, Тереңкөл аудандарына жоспарлап қойдық, солардың бәрін аралап кең ауқымды шаралар өткіземіз
Қара сөздің құдіретін асқақтатқан ақиық ақынның шығармашылығы қазақ үшін баға жетпес байлық. Шығармашылығымен дара жол қалыптастырған тума дарынның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталмақ.
Қымбат Садық