Қостанай облысында су тасқынан зардап шеккен отбасылардан 51 бала Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен» сауықтыру кешеніне орналастырылды. Олармен біздің арнамыздың түсірілім тобы танысып қайтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір адам назардан тыс қалмайтындығын айтқан еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалуда. Баянауыл ауданына Қостанай облысынан 51 бала «Жас дәурен» орталығына орналастырылды.Оқу-сауықтыру кешені өз жұмысын 2010 жылы бастаған. Қазір мұнда 27 мұғалім, 5 тәлімгер еңбек етеді.

ЖҰЛДЫЗ СЕЛЕУСИНА, «ЖАС ДӘУРЕН» ОҚУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Барлық балалар қазіргі таңда оқу-тәрбие процессімен қамтылған, жоспар бекітіліп, толыққанды жұмыс жүргізіліп жатыр. Балалар таңертенгі мезгілде сабақтарын оқып, бес мезгіл тамақтанып, түстен кейін Баянауыл өлкесімен таныстыру мақсатында маршруттар бекітілді . Жалпы «Жас дәурен» орталығы жыл бойы жұмыс істейді. 12 ауысым қабылдаймыз, әр ауысым сайын 100 баладан. Жалпы жоба қуаты 150, бір ауысымда 150 балаға дейін қамти аламыз

Мұнда балалар күніне 5 рет тамақтанады, әрі дәрігер түрлі массаж жасап, денсаулықтарын бақылауда ұстайды. Мұнда ұлттық спорт ойындары үйретіліп, денені шынықтырумен айналысу үшін спорттық залда барлық жағдай жасалған. Ал, сабақтарды ұстаздар жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, өткізеді. Сондай-ақ, бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында түрлі үйірмелер бар.

ГҮЛТАЙ МҰХТАРОВА, «ЖАС ДӘУРЕН» ОҚУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ МЕҢГЕРУШІСІ

Сабақ процессі 8:15-те басталады, сағат 13:05-ке дейін. Ортасында 20 минуттық белсенді қоңырау бар. Мұнда ойын түрінде тренингтер өтеді, мектебімізде психолог маман жұмыс істейді

Өз кезегінде қостанайлық оқушыларды бастап келген жетекшілер ел үшін үлкен сынақ түскенде көмек қолын созып, құшақ жая қарсы алған әріптестеріне ризашылық білдірді.

ЕРБОЛ НҰҒЫМАНОВ, ТОП ЖЕТЕКШІ (ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ, ЖАНГЕЛДИН АУДАНЫ)

Бұл жердегі әріптестерімізге мың да бір рахмет. Келгеннен бастап күтіп алып жатыр, басшылыққа және қызметкерлерге алғыс айтамыз. Қазір балалардың көңіл-күйі жақсы, жан-жақтағы балалармен жақын араласып кетті

Сауықтыру орталығында балалар толыққанды демалып, оқу оқиды. Әрі шығармашылық қабілеттерін дамытады. Олар Баянауыл өлкесімен танысу үшін, экскурсияға шығады. Сондай шаралардың бірі академик Қаныш Сәтбаевтің туған күнінде ұйымдастырылды. Онда оқушылар ғалымның мемориалдық музейімен танысты.

АЙДЫН САҒИДОЛЛА, 8-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ (ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ)

Қаныш Сәтбаев Имантайұлының музейіне келдік. Ол кісі туралы толығырақ біліп, танысып, тарихты біліп жатырмыз

ҰЛТУҒАН ӨМІРЗАҚ, 9 «А» СЫНЫП ОҚУШЫСЫ (ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ, ЖАНГЕЛДІ АУДАНЫ)

Жас дәурен орталығы өте керемет, бәрі қолжетімді. Сабақтары бәрі күшті. Мұғалімдер де керемет, сабақты көңілді, жақсы өткізіп, бәрін түсінікті қылып береді

Сонымен қатар орталықта өңіріміздегі Ертіс, Успенка аудандарынан 8 бала бар. Олардың үйлері су тасқынан зардап шеккен. Айта кетейік, алдағы уақытта «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығына Атырау облысынан 40-қа жуық бала келеді деп күтілуде. Осылайша, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын халқымыз су тасқынының зардабын жұмыла жеңбек.

Қымбат Садық