Екібастұз қаласының ауруханасына уланумен қырықтан астам адам жүгінді. Олардың қатарында балалар да бар. Ауруханаға түскен адамдар бір күн бұрын мейрамханалардың бірінде қыз узату тойында болған.

Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратынша, 14 сәуірден бастап Екібастұз қалалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне тамақтан улану және бактериялық ішек инфекциясы белгілері бар пациенттер жаппай жүгінген. Негізгі белгілер бірнеше рет құсу, әлсіздік, іштің ауыруы, дене температурасының жоғарылауы.

ТОЛҒАНАЙ ЗӘЙТІМ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ

2024 жылдың 16 сәуіріне тамақтан уланудан 45 жағдайы тіркелді. Науқастардың арасында 14 жасқа дейінгі 2 бала, 1 жасөспірім бар. 37 адам адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 2 бала. Қалғандары аумбулаториялық емде. Екібастұз қаласының мейрамханасында өткен қыз ұзату іс шарасына жалпы 208 адам қатысты.

Айта кетейік, аталған дерек бойынша жергілікті полиция басқармасы іс тіркеп үлгерген. Тексеруге сәйкес, той өткен мейрамхананың асханасынан талдау алынбақ.

МҰХТАРХАН АСАНОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІСІ

Адамдардың улануына әкеліп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативті бұзу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Екібастұз эпидемиологиялық бақылау басқармасына себептермен анықтау үшін тексеру жүргізу тапсырылды.

Сотқа дейінгі тергеу басталды. Мамандар, уланғандар саны өсіп жатыр дейді.

Әйгерім тоқпанқызы, Самал Қалиқызы