17 сәуір – ғылым күні! Осыған орай облыстық кітапханада ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтің өзі қолданған заттары қойылған «Қазақтың Қанышы» атты көшпелі көрме Баянауылдан келді. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.

Қаныш Сәтбаев – қазақ халқының ұлы тұлғасы. Ғұлама тұлғаның бұл салаға сіңірген еңбегі мол екені анық. Осы орайда аталған күнге орай Баянауылдағы академиктің мемориалдық музейі өңірімізге арнайы іс-сапармен келіп, павлодарлықтарға жерлесіміздің рухына арнап көшпелі көрме ұйымдастырды. Бүгінде музей қорында Қаныш Сәтбаевтің өмірінен сыр шертетін 3000-нан астам экспонат бар. Облыстық кітапханада ұйымдастырылған шараға 30 жәдігер әкелінген.

ГАУҺАР БАЛАБАЕВА, АКАДЕМИК Қ.СӘТБАЕВ АТЫНДАҒЫ БАЯНАУЫЛ МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ӘДІСКЕРІ

Киген киімінен бастап, ұстаған заттары бар. Мысалы, көзілдірігі, қаламы, шақшасы, геолог болғанда басына киген каскасы, жер астына түскенде қолына ұстаған балғасы, бала күнінде тақымы тиген ертоқымы мен қамшысын алып келіп отырмыз

Көрмеге ғалымның тройка костюмы, пальтосы, домбырасы ұсынылды. Оны тамашалауға жастар көптеп жиналды. Ұлы тұлғаның мұрасымен танысты.

ШОЛПАН ШАХМЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ С.ТОРАЙҒЫРОВ АТЫНДАҒЫ ӘМБЕБАП ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Қаныш Сәтбаевтің өнегелі өмірін көрсету керек, айту керек. Қазіргі жас ұрпаққа насихаттау керек. Әйгілі жерлесіміз болғандықтан жастарға айту керек

Бұл шара әсіресе жас ұрпақ үшін тағылымы мол болды. Сондай-ақ, көрмеден кейін облыстық кітапханада ғылым күні қарсаңында дәрістер мен интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды.

Қымбат Садық