Өңірімізде гастрольдің сапарымен келген Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық театр «Қара» қойылымымен ашты. Ол ұлы ақын Абайдың қара сөздеріне негізделген. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.

Павлодарға гастрольдік сапармен келген театр құрамында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бар. Театр ұжымына облыс әкімінің құрмет грамотасы мен ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіптің 10 томдық кітабы табысталды. Қазақ Ұлттық драма театрының тарихы Ертіс-Баян өңірімен тығыз байланысты деуге негіз бар.

АСАНӘЛІ ӘШІМОВ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ

Елге біз тәу етіп, бас иіп келдік. Бұл елде кино өнерімнің жартысы осы Баянауылда түсірілген. Сондықтан маған таныс, барлығы маған жылы. Менің осындай өмір сүріп, халқыма қызмет атқаруыма көп жәрдем берген өңір. Сондықтан мен бұған бас иіп өтемін.

Драма-диалог желісі ойшыл Абай Құнанбаевтың қара сөздерін арқау етеді. Спектакльдің ерекшелігі сол сахна пікір-талас, жиын форматында қойылған. Нақты кейіпкер жоқ, бірақ актерлар Абайдың кейінгі жұртқа айтқан өсиетін дәріптейді.

ШЕРХАН ПІРНАЗАР, МҰХТАР ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ

Бұл спектакль философиялық терең мағынаға қойылған. Өзінің айтар ойы бар. Бұл спектакльді кез келген әр қазақ баласы көру керек деп есептеймін өз басым .Өйткені айтар ойы, мағынасы терең.

Қойылымда адамның билікке таласқыш, жалқау болатынына, ғылым, ақыл мен жүректің жарысы, тәрбие мен рухани құндылықтар сахналанады. Шығарманың «Қара» деп аталуы да тегін емес. Бір жағынан қара, мән бер десе, енді бір тұсы қарапайым дүниелердің маңызын айшықтайды.

ШЫНАР ЖАНЫСБЕКОВА, МҰХТАР ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ

Бұл қойылымға Бақтияр Қожа, Асылбек Боранбай, Бекжан Тұрыс, Дәри Жүсіп, Шынар Асқарова, Нұржан Бексұлтан елге танымал актерларымыз бен жастарымыз да келді.

Қара сөздерге арқау болған жалған намыс, өсек, мақтаншақтық, күңшілдік, надандық қасиеттерден қазақ толық арыла алды ма? Хәкімнің заманындағы күрделі саяси-әлеуметтік ахуал жаңа қоғамның басынан толықтай тәрк етілді ме? Міне, қойылымның басты мақсаты – көрерменді осы сынды терең сауалдар төңірегінде ой түйгізіп, әр азаматтың пайым-парасатын арттыру еді.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, БАЙТҰРСЫН ЖҰМАБАЙ, ЕВГЕНИЙ ОЛЕЙНИК, ЕА