«Энтузиаст» пен «Металлург» саяжайларында су тарифі қымбаттап кетті деп тұрғындар шағымданып отыр. Былтыр 6 сотық жерге маусымына 28 мың теңге берсе, биыл 42 мың теңге төлеуі тиіс. Төлемеген жағдайда су өшіріледі. Бағбаншылардың жағдайы туралы келесі сюжетте.

Жұмажан Ермағамбетов 9 жылдан бері мына Энтузиаст бағбаншылығында тұрады. Содан бері үйінде жарық жоқ. Қаланың жанында тұрсам да жарық пен суға зар болып отырмын дейді.

ЖҰМАЖАН ЕРМАҒАМБЕТОВ, «ЭНТУЗИАСТ» БАҒБАНШЫЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

9 жылдың ішінде көрмегенді көрдім ғой. Мысалы свет 9 жылдың ішінде свет орнатам дегем, арызымды қабылдаған жоқ. Мысалы үшін светті қосу үшін 300 мың теңге ақша төлеу керек. Ол ақша тек председательдің қолы үшін ғана. Әр адам 300 мың төлеу керек, сетчик, кабель, столба қою керек,. Үйдің ішінде включательдер тарту керек. Ол да ақша. Білмеймін.

Ол ол ма. Саяжайшылар мәселе жылдан жылға қиындап келеді дейді. Мысалы биыл «Металлург» пен «Энтузиаст» бағбаншылығында елден ерекше су тарифінің бағасы өсіп кеткен. Былтыр тұрғындар 1 сотық жерге 950 теңге төлесе, биыл 2710 теңгеге өскен.

ВИТАЛИЙ ГРОШЕВ, «ЭНТУЗИАСТ» БАҒБАНШЫЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Бізде су жіберумен мәселе бар. Құбырлардың тозуы 90 пайызға жетті. Жыл сайын тұрғындардан ақша жиналады, бірақ жөнделмейді. Өткен жылы 6 сотық жерге маусымына 28200 теңге төлейтінбіз, биыл сол 6 сотыққа 42000 теңге төлеуге мәжбүрміз. Жаңбырлы күні су бермейді, күн сайын құбырлар жарылады. Соның шығынын біздің ақшамызмен жабады.

Сонымен саяжайшылардың жағдайы ауыр. Қысы-жазы аумақтар тоналып, жиі өртке оранады. Одан бөлек, міне тарифтер қымбаттап бағбаншыларға бау-бақшамен айналысуға мүмкіндік бермей тұр. Бұрыш-бұрышта қоқыс жиналып, оны жинауға ешкім асықпайтын көрінеді. Бұл мәселеге жаңбыр мен қарда батпаққа айналатын жолды қосыңыз.

НАТАЛЬЯ ЮХИМЕНКО, «ЭНТУЗИАСТ» БАҒБАНШЫЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Яғни біз бағбаншылықтың мүшесі емес екенбіз, тек тұтынушымыз. Бізбен ешкім санаспайды. Бағаны көтергілері келсе, алдын ала ешкім хабарламайды. Шағымданатын болсақ, келіп су мен электрэнергияны өшіріп тастайды. Жарықтың тарифі де өсіп кетті, бұрын 1 киловатқа 20 теңге болса, биыл 30 теңгеге жетті. Оның себебін сұрадық, ешкім жауап бермеді.

Осылайша ақпанның 1 нен бастап су тарифі 140 пайызға қымбаттап кеткен. Айта кетейік, «Энтузиаст» бағбаншылығында 3500 участкі бар. Олардың 1500-ында адам тұрады. Ал, судың ақшасын 790 адам төлеген. Оның өзі 50 пайызын ғана, дейді төраға.

ВИТАЛИЙ МАЛИКОВ, «ЭНТУЗИАСТ» БАҒБАНШЫЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Тарифтерге келсек. Тұрғындардың бәрі біледі. Баға былтырмен салыстырғанда 3 есеге қымбаттады. Былтыр 11 теңге 28 тиін болса, биыл қосымша құн салығынсыз 30 теңге 23 тиінге өсті. Біз қала әкіміне хат жаздық тариф бойынша, бірақ Павлодар су арнасы бағаны бекітіп қойды, сондықтан біз көмектесе алмаймыз делінді. Сондықтан мен әкімдікке онда басқа жақтан көмектесіңіздер дедім. Ал, «Павлодар су арнасы» бағаны қымбаттатуды қызметкерлердің жалақысын көтерумен, ескі құбырларды жөндеумен байланыстырды.

Сонымен, бекітілген тарифті алпауыт компания өзгертпейтіні анық. Ал, бағбаншылық төрағасы шығындарды өтеу үшін оған қосымша құн қосты. Осылайша тұрғындар 4 айға 42 мың төлеуі тиіс. Қорытындылай келсек, мәселе тұрғындар мен төрағаның арасында диалогтың болмауынан осылай ушығып отыр.

Самал Қалиқызы