Соңғы уақытта ата-аналарды балаларының өздігінше әрекет етуге бейімделмегені алаңдатады. Тіпті осындай жеткіншектерді білдіретін термин пайда болған. Жасқаншақтықтан құтылудың жолдары қандай? Ата-аналар балаларына қалай көмектесе алады? Бұл туралы тілшіміз психолог мамандардан сұрап көрді.

Backseat generation – қазір отбасы тәрбиесі саласында кеңінен қолданатын термин. Ол ағылшын тілінен «көліктің артқы орынындағы ұрпақ» деп аударылады. Яғни, барлық жерде ата-анасымен жүретін, мәселелерді өздігінен шеше алмайтын балалар дегенді білдіреді.

Ата-ананың шектен тыс қамқорлығы да қиындық тудыруы мүмкін. Себебі, мұндай жағдайда бала өздігінен шешім қабылдауды үйрене алмайды. Психологтардың айтуынша, жеткіншектердің кішкентай кезінен шешім қабылдап, әрекет жасай білуі керек. Осылайша, жас ұрпақ өз ісіне жауап бере алатын болады.

ЕЛЕНА ВАЩЕНКО, ОТБАСЫЛЫҚ ПСИХОЛОГ

Қазір ата-аналардың көбі мазасыз: балаларын қорғаймын дей отырып, оны шектен тыс бақылауға алады. Мұндай әрекет балалардың табиғи ортада дағдыларды игеру, шыңдау мүмкіндіктерін шектейді. Сондай-ақ, өзгелермен оңай араласа алмайтын, өзіне сенімсіз, кез келген жағдайда өзін қалай ұстауды білмейтін болып өседі.

Зерттеулерге сәйкес, балаларға өздігінен шешім қабылдауға мүмкіндік беріп, қолдау көрсету қажет. Сонда жеткіншектер өзіне сенімді болып, өмірдегі түрлі қиындықтарды жеңе алады. Ал ата-ана шектен тыс қамқорлық көрсетсе, өз баласына зияны тиюі мүмкін.

Жұлдыз Қабылденова, Валентина Леонова