Биыл Павлодар облыстық телеарнаға 60 жыл толады. Ал осы жылдар белесінде арнаның дамуына зор үлес қосқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі Олег Фёдорович Лебедев. Ол үшін телеарна жай ғана жұмыс емес, өмірінің мәні болды. 30 жыл бойы техникалық қызметті басқарып, телерадио кешенінің жабдықталуы мен жаңаруына жетекшілік етті. Дәл оның басшылығымен өңірде алғаш рет түрлі-түсті хабар тарату іске қосылды.

Олег Лебедевтің есімімен тұтас бір дәуір байланысты. Ол өз ісін терең меңгерген, тәжірибелі ұйымдастырушы болды. Оның еңбегінің арқасында Павлодар телестудиясы сол кездегі Қазақ КСР аумағындағы жетекші орталықтардың біріне айналды.

Федор Лебедев, Олег Лебедевтің ұлы

Әкем жақсы басшы еді. Қатал болғанымен, әділ болатын. Үлкен ұжыммен жұмыс істеу оңай емес, бірақ ол бәрін дұрыс ұйымдастыра білді. Адамдар онымен бірге жұмыс істегенді бағалады.

Оның еңбекқорлығы мен техникалық шеберлігінің арқасында студия 70-жылдары жаңа құрылғылармен жабдықталды. Сол уақытта орталық телевизияның бағдарламаларын көрсету мүмкіндігі туды.

Ирина Кононенко, Павлодар облыстық телеарнасының ардагері

Олег Фёдоровичтің еңбегінің арқасында біздің студия әрдайым жаңа техниканы бірінші болып алатын. Қалай қол жеткізгенін білмеймін, бірақ біз алғашқы бейнемагнитофондарды алған кезде қатты қуандық. Ол кезде басқа өңірлерде мұндай техника болған жоқ. Кейін біз жылжымалы телестанция алдық. Ол арқылы қаладағы үлкен шараларды тікелей эфирде көрсете алдық.

Павлодар телеарнасы республика бойынша алғашқылардың бірі болып түрлі-түсті хабар тарата бастады. Бұл шешімді жүзеге асыру оңай болған жоқ. Алайда, Олег Лебедев тәуекелге барып, жаңа жүйені іске қосты.

Ирина Кононенко, Павлодар облыстық телеарнасының ардагері

Ол түрлі-түсті хабар таратуға арналған жабдықты үлкен еңбекпен алып келді. Бұл туралы Қарағанды қаласында біліп, Мәскеуге шағым түсірген. Тексеру комиссиясы келердің алдында біздің инженерлер бір түн ішінде барлық құрылғыны орнатып, таңертең дайын хабарды көрсетті. Осылайша Павлодар облыстық телеарна түрлі-түсті эфирге алғашқы болып шықты.

Олег Фёдорович 30 жыл бойы Павлодар телеарнасын басқарды. Бұл іс өмірінің бір бөлігіне айналды. Өз еңбегіне деген адалдығы кейде қауіп-қатерге ұласқан еді.

Федор Лебедев, Олег Лебедевтің ұлы

Қателеспесем, телемұнараның биіктігі шамамен 180 метр, ал үстіндегі антеннамен бірге — 196 метрді құрайды. Бірде әкем жоғарыға монтаж жұмыстарын тексеруге шыққан. Қалай екені белгісіз, тепе-теңдігін жоғалтып, құлап кете жаздаған. Аман қалғанымен, қолын қатты жарақаттап алды.

Биыл Павлодар облыстық телеарна 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы тарихи жолда Олег Фёдорович Лебедевтің еңбегі мен үлесі айрықша. Ол арнаның дамуы мен қалыптасуына бар ғұмырын арнады.

Сабина Жолдаспаева