Павлодар қаласында ірі көлемдегі вейп партиясы жойылды. Шығын көлемі 300 млн теңгеден асады. Бұл жолы зиянды заттарды жою процесі механикалық түрде басталып, кейін үгіткіште жалғасты. Ең маңыздысы кейін қалдықтарды қайта өңдеуге болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бойынша Павлодар облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ірі көлемдегі вейпті жойды. Бұл шара студенттер, блогерлер мен қоғам белсенділерінің көз алдында жүзеге асты. Алдымен, өңдеу кәсіпорнының қызметкерлері қолдарына балға алып, вейптерді жеке-жеке шаға бастады.
Самал Қалиқызы, тілші
Осы жолы вейптерді жою процесі басқаша жүзеге асты. Аккумуляторларды бөлек құтыға салды, ал пластик үгітіледі. Өңдеуге болады.
Біздің елде вейптерді сату, тасымалдау заңмен тыйым салынса да, бірақ жүзеге асыратындар қатары азаймай тұр. Оны анықтау бойынша экономикалық тергеп тексеру департаменті қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, мына 315 млн теңгенің өнімі 3 қылмыстық іс бойынша тәркіленген.
Ғалиасқар Қасымов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары
Қазіргі уақытта мына жерде 45 мың дана вейп, снюс және батарейлер мен сұйықтықтары, сағыздары, табак өнімдері жатыр. Өнімнің жалпы сомасы 315 млн теңгені құрайды. Өнімдер қазір өндірісте тұрған қылмыстық істер бойынша жойылады. Қылмыстық-іздестіру шаралары кезінде қоймалар, жалдамалы пәтерлер, сол жерде сақталып, тасымалданған. Сот санкциясымен іздестіру жұмыстары жүргізіліп, осы өнім тәркіленді. Тиісті сараптамалар жасалды.
Жоғарыда айтқандай, вейптерді жою процесі қала сыртындағы өңдеу кәсіпорындарының бірінде жүзеге асты. Оны жастар қауымы да көре алды. Ең өкініштісі, вейп елде тыйым салынғанмен, оны тауып, қолданатындар қатары азаймай келеді.
Әділет Сейітжапар, студент
Біз осы зауытқа келдік. Бұл жерде салауатты өмір салтына итермелейді. Елімізде вейптер заңға қайшы. Көріп отырмыз. Иә, өз көіммен көрдім. Жанымдағылар шегеді. Шеккендерді де көрдім.
Сонымен, вейптерді тасымалдайтын хабтар Астана мен Алматы қалалары екені нақты анықталды. Заңсыз тасымалдар көбінесе көршілес елдерден келеді екен.
Самал Қалиқызы