«Әкім сағаты» бағдарламасында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қалада жүзеге асып жатқан ауқымды инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндады. Қазіргі таңда қала экономикасы қарқынды дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, коммуналдық және әлеуметтік нысандар да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Толығырақ келесі сюжетте.
Қазір қалада 10-нан астам ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі 2 триллион теңгеден асады. Бұл жобалар өнеркәсіп, энергетика және инфрақұрылым бағыттарын қамтиды. Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары қала экономикасына тартылған қаржының едәуір бөлігі өндіріс саласын жаңғыртуға бағытталған. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Үш жыл бұрын орын алған коммуналдық апаттан кейін ТЭЦ-те жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа 50 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.Қала бойынша жалпы 420 шақырымнан астам жылу желісі бар болса, оның 18 шақырымы магистральдық бағытта жөнделді.Қазіргі таңда Екібастұз жылыту маусымына толық дайын.
Бағдарлама барысында қала әкімі жер мәселесіне де тоқталды.
Екібастұз қаласының жер қоры — 1 миллион 800 мың гектардан асады. Оның ішінде пайдаланылмай жатқан 6 мың гектардан астам жер анықталған. Бұл аумақтар заңға сәйкес мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр.
Қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы да біртіндеп жаңарып келеді.
Биылдың өзінде 50 жаңа балалар ойын алаңы салынды. Жалпы Екібастұзда 70 аула абаттандырылған.Келесі жылы бұл көрсеткіш арта түспек.
Дильназ Қуанышбекова