Павлодарда Жұмысшы мамандықтар жылы аясында алғаш рет қонақүй ісі, мейрамхана сервисі бойынша халықаралық конференция өтті. Оған шетелдік сарапшылар келіп қатысты. Толығырақ тілші сюжетінде.

Біздің елде туризм кенже қалып, енді дамып жатқанын мойындау керек. Бұл қазіргі таңдағы маңызды сұрақтардың бірі. Осы ретте бүгінгі халықаралық конференцияда елге туристерді тарту бойынша қандай бағытта жұмыстар жүргізу керектігі талқыланды. Жалпы бұл тақырыптағы халықаралық деңгейдегі конференция Павлодарда алғаш рет өтіп отыр.

Гүлмира Шұғабаева, Павлодар қаласы сервис және тамақтану колледжінің басшысы

Конференция бағдарламасында пленарлық бөлім Торайғыров университетінде, тәжірибелік бөлім Павлодар сервис және тамақтану колледжінде халықаралық сарапшылар мен WorldSkills Ұлттық чемпионатының студент-чемпиондарын, шеберлік сағаттарды көрсете отырып өтті. Конференцияның мақсаты - заманауи үрдістерді талқылау арқылы тәжірибе алмасу, халықаралық стандарттарға сәйкес салаларды дамыту перспективалары, жас мамандарға табысты мансап үшін қажетті негізгі құзыреттерді айқындау, жоғары және арнайы орта білім беру арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

Конференцияға Германиядан Қонақүй сервисі бойынша сарапшы, аспаз ісі бойынша WorldSkills Ұлттық чемпионатының халықаралық сарапшылары, Мәскеу, Қазан, Түркия, Алматы, Астана, Ақтау қалаларынан және РФ колледждері мен ЖОО оқытушылары мен студенттері, ірі кәсіпорындар жұмыс берушілері мен әлеуметтік әріптестері қатысты.

Хелен Де Вольф, халықаралық қонақүй сервисі бойынша сарапшы

Бүгінгі шеберлік сабақтарда біз қонақ күту бойынша ерекшеліктерді көрсетеміз. Әлбетте қазақ халқы жалпы ДНК генетикалық тұрғыда қонақжай екені белгілі. Бірақ сол қонақжайлықты көпшілікке көрсете білу керек. Келген адамды клиент ретінде қарамай, қона ретінде қабылдау керек. Сондықтан осындай тұстар шеберлік сабағында айтылады.

Конференция барысында қонақүйі қызметі, мейрамхана сервисі және аспаздық іс бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сарапшыларға колледж студенттері, шеберлер қызмет көрсету үлгілерін көрсетті.

Санжар Зейнолла, студент

Алдымен бұл біздің колледж үшін маңызды. Көптеген қонақтар келіп жатыр. Біздің студенттердің қалай білім алып жатқаны, қандай деңгейге жеткенін көре алады. Биыл жұмысшы мамандық жылы аясында елімізде көп шаралар өтті. Оған өзім де қатыстым. Техникалық мамандықтар үшін бұл керек дүние.

Айта кетейік, аталмыш халықаралық конференция енді дәстүрлі түрде жылда өтетін болады.

Самал Қалиқызы