Ел бойынша «Учаске» жедел алдын алу шарасы жалғасуда. Оның аясында полиция қызметкерлері азаматтық қаруы бар тұрғындарды тексерді. Рейд жүргізіп, талаптардың орындалу деңгейін бақылауға алды.

Шара басталғалы облыста 8 мыңнан астам қаруы бар азаматтар тексерілді. Нәтижесінде 61 адам оны тіркеу тәртібін немесе сақтау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 73 тіркелмеген қару тәркіленді. Мысалы, Ақсу қаласына қарасты Береке ауылының тұрғыны үйінде маркасы мен нөмірі жоқ мылтық сақтаған. Қару тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Тағы бір жағдайда Ақсу қаласының тұрғыны қаруды белгіленген тәртіпке сай сақтамаған. Барлық құқықбұзушыларға қатысты заң аясында шара қолданылды. Павлодар облысының полициясы қару сақтаудың талаптарын еске салады. Қару мен оған арналған оқ-дәрілер міндетті түрде қалыңдығы кем дегенде үш миллиметр болатын металл сейфте немесе шкаф ішінде сақталуы керек. Сейфтің есігінде ішкі құлып болуы шарт. Ол еденге немесе қабырғаға мықтап бекітілуі тиіс. Тұрғын бөлмеде қаруды қабырғаға ілуге қатаң тыйым салынады. Қажет болған жағдайда сейфті дабыл жүйесімен жабдықтауға рұқсат етіледі. Егер қару иесі ұзақ уақытқа үйден кететін болса, қаруды уақытша ішкі істер органдарына тапсыруы қажет. Айта кетейік, «Учаске» профилактикалық шарасы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сабина Жолдаспаева