Кеше ғана Мемлекет басшысы олимпиадалық құрамаға мемлекеттік туды табыстап, ел намысын қорғайтын спортшылармен кездескен еді. Олардың қатарында жерлесіміз, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова да бар. Бүгін ол біздің арна тілшісіне сұхбат беріп, байрақты доданың ашылуында еліміздің көктуын алып жүру зор мақтаныш екенін атап өтті.
Ольга Сафронова үшін алдағы Париж олимпиадасы төртінші жарыс. Бұған дейін ол Лондон, Рио-де-Жанейро және Токио ойындарына қатысқан. Бірақ Франция астанасында өтетін сайыс жерлесіміз үшін ерекше. Себебі ол –ашылуында алғаш рет Қазақстан олимпиада құрамасында еліміздің көк байрағын алып жүреді.
ОЛЬГА САФРОНОВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ, ОЛИМПИАДА-2024 ҚАТЫСУШЫСЫ
Маған артылған жауапкершілікті мен сөзбен жеткізе алмаймын. Өте қуаныштымын. Бұл менің тынымсыз еңбектің жемісі деп ойлаймын. Лицензия алу үшін, күн-түн демей жаттығуларға қатысып, көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Бұл мен қатысатын 4-ші олимпиада. Еліміздің мемлекеттік туын алып жүру зор мақтаныш. Оған мен әбден лайықпын деп ойлаймын. Кеше Мемлекет басшысы мемлекеттік туымызды салтанатты түрде бізге табыс етті. Бұл мәңгі есте қалатын оқиға
Ольга Париждегі ойындарға қатысуға ресми лицензия келгеннен кейін ғана жауапкершілікті сезініпті. Мемлекеттік туымызды алып жүру мәртебелі іс дейді ол. Енді олимпиаданың ашылуын асыға күтуде.
ОЛЬГА САФРОНОВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ, ОЛИМПИАДА-2024 ҚАТЫСУШЫСЫ
Менің білуімше, олимпиаданың ашылуы Сена өзенінде өтеді. Біз қайықпен жүріп өтеміз. Мен 26 шілде күні Парижде боламын. Старттан 10 күн бұрын сонда болуымыз керек. Жаттығу жасап дайындаламыз. Мен онда ең басты сайысқа түсуге бара жатырмын.
Жерлесіміз Париждегі олимпиадада жеңіл атлетикадан 200 метр қашықтықта жүгірмек. Ойын 4 тамызға жоспарланған.
ОЛЬГА САФРОНОВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ, ОЛИМПИАДА-2024 ҚАТЫСУШЫСЫ
Парижде мен олимпиада ойындарына арнайы жабдықталған стадионда бірінші рет өнер көрсетемін. Бұл жаңа жолақ, жаңа мүмкіндік. Еліміздің абыройын қорғау үшін бар күш жігерімді салуға тырысамын. Күнде жаттығу жасап, шынығамын. Мен дайынмын және өзіме сенімдімін.
33-ші жазғы олимпиада Парижде шілденің 26-сынан тамыздың 11-і күндері аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген. Байрақты жарысқа елімізден 80 спортшы барады.
Әйгерім Тоқпанқызы