Ақсу қаласында сауда объектілерінде өрт туындау қаупін азайтуға бағытталған "Қауіпсіз сауда" республикалық акциясы аясында оқу-жаттығу өтті. Сценарий бойынша ірі сауда үйінде құрылыс қалдықтары өртенді. Ал құтқарушылар өз дағдыларын қалай пысықтағаны келесі сюжетте.

Өртке қарсы дабыл іске қосылғаннан кейін сауда әкімшілігі бірнеше минут ішінде жұмысшылар мен сатып алушыларды эвакуациялады. Жаттығу қарбалас уақытта өтседе , адамдар аумақты босату процесін дүрбелеңсіз аяқтады. Акция аясында құтқарушылар дүкен иелерімен және жалға алушылармен өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы сақтау тақырыбында әңгімелесті, сондай-ақ өрт кезінде бірінші кезектегі іс-әрекеттер көрсетілген буклеттер таратылды.

Болжамды өрт орнына екі өрт сөндіру машинасы мен жеке құрамның 15 адамы келді. Құтқарушылар ойын-сауық орталықтарындағы, сауда үйлері мен базарлардағы өрттер үлкен материалдық шығынға және басқа да ауыр зардаптарға әкеп соқтыратынын атап өтті. Мұндай оқиғалардың себептері көбінесе адам қолынан және өрт қауіпсіздігінің минималды ережелерін сақтамау сияқты қарапайым нәрселерден туындайтыны анық. Өрт сөндірушілер осындай оқиғалардың бірін практика жүзінде пысықтап өтті.

 СӘБИТХАН МӘДЕЕВ, АҚСУ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Бұл нысан-жаңа үйлер. Кинотеатр ашылатын жерде дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағандықтан жанармай материалдарының өртенуі орын алды. Әкімшіліктен хабарлама келгеннен кеәін бірден жедел аттану жұмыстары жүзеге асырылды.

Оқу-жаттығу қаланың ең ірі сауда үйлерінің бірінде өтті. Нысанның ауданы-4,5 мың шаршы метр. Ол өткен жылы ашылды. Алдағы уақытта мұндай жаттығуларды сауда орталықтарының басқа да нүктелерінде өткізу жоспарлануда.

БАҚБЕРДІ АҒАБАЕВ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Мұндай алдын алу шаралары қазіргі қоғамға аса қажет деп санаймын. Бірінші кезекте әкімшілік пен өрт сөндіру бөлімшелерінің өзара ара-қатынасын жақсарту қажет деп ойлаймын. Осы арқылы өрт кезінде нысанда қалған адамдардың өмірін сақтауға көбірек мүмкіндік болатыны анық .

Бұл профилактикалық акция осы айдың 29 -шы жұлдызына дейін жалғасын таппақ.

Салтанат Бауыржанқызы, Ермек Сапаров