Облыс орталығындағы бірде-бір мерекелік шара жергілікті әртістердің қатысуынсыз өтпейді. Олардың өңіріміздің мәдениет саласы дамуына үлес қосып келеді. Осы орайда, келесі сюжетіміздің кейіпкері облыстық филармонияның солисі Айбар Әшкеев болмақ.

Айбар Әшкеев бала кезінен ән айтумен айналысады, ал 12 жасынан вокалдық өнердің қыр-сырын меңгере бастаған. Ол түрлі деңгейдегі ән байқауларының жеңімпазы және жүлдегері. Екібастұз қаласының тумасы қазір Павлодар қаласында тұрады, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда қызмет етеді.

АЙБАР ӘШКЕЕВ, ИСА БАЙЗАҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ СОЛИСІ

Мен Павлодарды кішкентай кезімнен жақсы көремін. Қала жұрты маған жақын. Сондықтан мұнда көшкен кезде, өте қуанышты болдым. Қазір де қаланың тыныс-тіршілігі ұнайды. Себебі павлодарлықтар – мәдениетті адамдар, олар өнерді, музыканы сүйеді әрі құрметтейді. Концерттерден де қалмайды. Әр концерт аншлаг деуге болады

Кейіпкеріміз Астанада біраз уақыт тұрып, кәсіби білім алғанына қарамастан, Павлодар оның жүрегіне жақын екенін айтады. Облыс орталығы әншіні өнерге жақын тұрғындарымен ғана емес, сыртқы келбетімен де баураған.

АЙБАР ӘШКЕЕВ, ИСА БАЙЗАҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ СОЛИСІ

Павлодардың архитектурасын ерекше атап өтуге болады. Мұндағы көне ғимараттар бір-біріне ұқсайтын заманауи нысандардан ерекшеленеді. Сонымен қатар, Ертіс өзені бар, көгалы көп – мұның бәрі жанды тыныштандырады. Соның арқасында демалып, жақсы көңіл күйде жүремін. Ал Астанада тұрған кезде, осындай жағдай болмайтын

Павлодар солист үшін мүмкіндіктер мекені деуге болады. Себебі мұнда ол басқа әртістермен бірге қызықты жобалармен жұмыс істеп, талантын шыңдай алады.

АЙБАР ӘШКЕЕВ, ИСА БАЙЗАҚОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ СОЛИСІ

Павлодар – мен үшін мәдениеті жоғары қала. Қанша концерт өткіздік. Өнер көрсеткеннен кейін немесе көшеде тұрғындар келіп, жылы лебіздерін білдіреді. Кейде кеңестерін береді. Бұл адамдардың өнер саласынан хабары бар екенін көрсетеді

Айбар Әшкеев қазір облыс орталығының дамуына өз үлесін қосып жүр. Әншінің алға қойған мақсаты мен жоспары көп. Өнерпаздың әлі талай белестерді бағындырып, облыс атын асқақтатары сөзсіз.

Жұлдыз Қабылденова